Қазақстанда 2026 жылдың соңына дейін 2,3 мың шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолындағы құрылыс және жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, елімізде жол инфрақұрылымын дамыту республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қамтиды. Ірі республикалық жобалармен қатар, елді мекендер арасындағы және өңірлер ішіндегі көлік қатынасын қамтамасыз ететін жергілікті жолдарға да басымдық беріліп отыр.
Қазіргі уақытта жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы шамамен 70 мың шақырымды құрайды. Оның 91%-ы нормативтік жағдайда. Жыл қорытындысында бұл көрсеткішті 92%-ға дейін жеткізу көзделген.
Биыл жергілікті маңызы бар 2,4 мың шақырым жолда құрылыс, реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның 2,3 мың шақырымын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
Биыл аяқталуы тиіс ірі жобалардың қатарында Семей қаласындағы автокөлік көпірін реконструкциялау бар. Сондай-ақ ұзындығы 17 шақырым болатын «Түркістан – Шәуілдір» облыстық маңызы бар автомобиль жолын реконструкциялаудың екінші кезеңі және 110 шақырымдық «Лепсі – Ақтоғай» жолын жаңғырту жобасы аяқталмақ.
Жергілікті жолдардағы жұмыстардың ең үлкен көлемі Қарағанды облысында жүргізіліп жатыр. Өңірде 223 шақырым жол қамтылған. Қостанай облысында – 184 шақырым, Солтүстік Қазақстан облысында 164 шақырым жол жөнделуде.
Көлік министрлігінің мәліметінше, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың сапасын жақсарту елді мекендер арасындағы көлік қатынасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жолдар ауылдар мен аудандардың облыс орталықтарымен және республикалық бағыттармен байланысын қамтамасыз етіп, тұрғындардың әлеуметтік және экономикалық нысандарға қолжетімділігін жақсартады.
Министрлік республикалық жолдарды жаңғыртумен қатар, жергілікті жол желісін жақсарту жұмыстары да кезең-кезеңімен жалғасатынын атап өтті.