Семей туризмі: Өрт кесірі кімге тиеді?

13 Маусым 2023, 17:00
2367
Бөлісу:
Семей туризмі: Өрт кесірі кімге тиеді?
Фото: BAQ.KZ

Аумағы 60 мың гектардан асқан өрт Алтай облысы туризміне қалай әсер етпек? Жалпы Семейде туризм бар ма? Осы сауалдардың жауабын Алмас Таңғытұлынан сұрап көрдік. Туризм маманы Алтайдағы жағдайды ғана айтып қоймай, жыл бойы жұмыс істейтін туризм саласына да тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 

«Өрттің әсері ауылдарға қатты тиеді»

Алмас Таңғытұлы орман өртінің Семейдегі туризмге әсері қатты болмайтынын айтты. Алтайдағы туристік компаниялардың белгілі бағыттары бар.

Орманға барып, оның ішін аралайтын туристер сирек. Семейде адамдарды орманға апарып жатқан туристік компаниялар да жоқтың қасы. Көбінесе Қоңыр әулие үңгіріне, Абай кесенесіне, Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазарына апарады, - деді ол.

Сосын маман турист тарту жағынан атом бомбасы сыналған Курчатов дамып жатқанына тоқталды.

Ол жақтағы үлкен атом көлін, Ұлттық ядролық орталықтағы музейді көруге әлемнен арнайы баратын туристер бар. Ол Семейге жақын, 100-ақ шақырым жерде ғой. Жалпы, Абай облысындағы ең үлкен туризм ол Алакөл ғой. Орман өрті Семейдегі туризмге қатты әсер етеді деп айтпаймын, - деді маман.

Алмас Таңғытұлының айтуынша, өрт салдары жолдағы туристердің арқасында күн көріп отырған ауыл адамдарына тиеді.

Орманнан теріп алған жемістерді туристерге сататын жол бойындағы ауылдар бар. Сол ауылдарға өрттің әсері қатты тиеді деп ойлаймын. Сосын Семей жақта емдік шөптерден нешетүрлі табиғи сироптар жасап сатумен күн көретін адамдар да көп, - деді ол.

Сондай-ақ маман Семей ормандарының өртенуі қайталанып жатқан апат екенін де айтып өтті.

Осыдан шамамен 15 жыл бұрын да қатты өрт болып, Семей мен Астананың ортасындағы қанша орман өртеніп кеткен. Осындай апат болып, ол жылы да талай адам қайтыс болған. Семей қаласының тұрғындары 1 апта тұншығып дем ала алмай қалған болатын, - деп еске алды Алмас Таңғытұлы.

 

«12 ай жұмыс істейтін туризм»

Маман Алтай өңірінде қандай туризм түрін дамытуға болатыны туралы ұсыныс айтты. Оның ойынша, бұл ұсыныс Қазақстанның барлық өңірі үшін жарамды.

Бізге халық не үшін келеді? Біздің табиғатымызды, қаламызды көруге келмейді. Ол бүкіл дүниеде бар нәрсе. Неге туристер бізден өте шығып, Өзбекстан мен Моңғолияға барады? Өйткені ол жақта адамдармен байланыс бар. Олардың үйінде қонады, не жасайтынын көреді. Адамның өмірімен, мәдениеті, тұрмысымен танысады. Ал бізде ондай жоқ, - деді Таңғытұлы.

Яғни елімізде ауыл туризмі қолға алынбаған.

Абай өңірінде ауыл туризмі жақсы дамитын еді. Мысалы, Ресейге кірем десеңіз де, Қытайға барам десеңіз де Семей арқылы өтесіз. Өйткені Семей қаласы тоғыз жолдың торабында жатыр, ауылдары да сондай. Мысалы, Астанадан Алакөлге шыққан адам Семейге қонбай кетпейді. Ол екі ортада тұрған қала. Жолда қаншама ауылды басып өтеді, - деп түсіндірді туризм маманы.

Алмас Таңғытұлының айтуынша, ауыл туризмінің қалалықтарға да, ауыл адамдарына да берері мол.

Астана тұрғыны Алакөлге барар жолда қонақүйге қонар ма еді, әлде ауылға тоқтап, қонақжай жандардың ыстық бауырсағын, құрт-майы мен қаймағын жеп, тап-таза төсегінде жатар ма еді? Ондай болса, 90 пайыз адамдар ауылға тоқтайтын еді. Ол ауыл адамдарына ақша әкеледі, қала мен ауыл адамдарын жақындастырады, - деді ол.

Сондай-ақ маман ауыл балалары қалалықтармен жиі араласса, кейін үлкен қалаға келгенде бойында үрей болмайтынын айтты. Оның ойынша, ауыл адамдарына қой союды, ет асуды, нан илеуді үйрететін курстар ашуға да болады.

Бұл 12 ай жұмыс істейтін туризмнің жалғыз түрі, - деп түйіндеді сөзін Алмас Таңғытұлы.

Өзгелердің жаңалығы