Семей сынақ полигоны аумағының 90%-ға жуығы зерттелді

26 Сәуір 2021, 21:14
3238
Бөлісу:
Семей сынақ полигоны аумағының 90%-ға жуығы зерттелді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Семей сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толады. Осы айтулы оқиғаға орай ҚР Ұлттық ядролық орталығы полигон жерлерінің радиоактивті ластануын зерттеуді аяқтауды жоспарлап отыр, деп хабарлады «ҚР ҰЯО» РМК РҚЭИ филиалының директоры Асан Айдарханов.

2008 жылы ҚР Ұлттық ядролық орталығы ядролық сынақтардың полигонға және оған жақын аумаққа әсерін зерттеу бойынша жұмыстарды орындай бастады. Жұмыс жан-жақты жүргізілді, судың, ауаның, өсімдіктер мен жануарлар әлемінің жағдайы зерттелді. Бірегей әдістер мен технологиялар қолданылды, олардың көбі ҚР Ұлттық ядролық орталығында әзірленді. 

Бүгінгі таңда полигон аумағының 90%-ға жуығы зерттелді. Негізгі міндеттердің бірі қоршаған орта мен халықтың қауіпсіздігіне әсер ететін радиациялық жағдайдың кері өзгерістерін уақытында анықтауға мүмкіндік беретін қоршаған ортаның жай-күйін бақылау болып табылады. Ауа және су ортасының сапасын зерттеуге көп көңіл бөлінеді. Ол үшін полигон аумағында және одан тыс жерлерде арнайы зертханаларда одан әрі талдау үшін сынамаларды іріктеу жүргізетін бақылау бекеттері құрылады. Қазіргі уақытта ауа ортасын бақылайтын 4 бекет және су ортасын бақылайтын 8 бекет құрылды. Барлығы 22 бақылау бекетін құру жоспарлануда. Соңғы жылдары ҚР Ұлттық ядролық орталығында 7 зертханадан тұратын толық желі құрылғандығын атап өту қажет, - деді Асан Айдарханов.

Зертханалар қызметінің негізгі бағыттары:

- қоршаған орта объектілеріндегі радиоактивті элементтердің құрамын анықтау,
- қоршаған ортадағы және әртүрлі объектілердегі радиоактивті элементтердің қозғалыс параметрлерін анықтау бойынша тәжірибелік зерттеулер,
- радиациялық жағдайдың даму болжамы және халыққа түсетін дозалық жүктемені бағалау.

2019 жылдың желтоқсанында қоршаған ортаны мониторингілеу жүйелерін әзірлеу бөліміндегі тәжірибелік зерттеулер зертханасының жаңа корпусы пайдалануға берілді. Зертханалық ғимарат халықаралық талаптарға сәйкес жасалған, ол жерде қоршаған ортаның радиоактивті ластануының ең аз деңгейі орын алған жағдайда да мәліметтерді алу үшін пайдаланылатын бөлме бар. Барлық зертханалық үй-жайлар қазіргі заманғы зертханалық және аналитикалық жабдықтарымен жабдықталған, олардың басым бөлігінің Қазақстанда баламасы жоқ, - деді ол.

Сонымен қатар, зертхананы аппаратуралық-әдістемелік қамтамасыз ету жаңа бағыттарды дамыту арқылы үнемі жетілдіріліп отырады. «Ұлттық ядролық орталық» РМК ядролық сынақтар жүргізілген орындарда су алмасу процестерін айқындау бойынша бірегей нәтижелер алды.

Ол үшін судағы тұрақты изотоптардың қатынасын анықтау үшін Қазақстандағы жалғыз анализатор қолданылды. Жүргізілген мониторинг нәтижелерінен, ауадағы радиоактивті элементтердің максималды мөлшері тікелей ядролық сынақтар жүргізілген жерлерден табылғанын көрсетті. Мысалы, «Атом көлі» деп аталатын радиоактивті ластанған объектіде ауадағы плутонийдің максималды мөлшері шұңқыр жотасында, халық үшін рұқсат етілген 0,0025 Бк/м3 деңгейімен салыстырғанда, 0,006 Бк/м3 деңгейінде де байқалады. Бұл ретте, «Атом көлінен» 5-10 км қашықтықта плутонийдің құрамы рұқсат етілген мәндерден біршама төмендейді және 0,00001 Бк/м3 құрайды. Жалпы, полигонның ластанған учаскелерінен тыс «ұзақ өмір сүретін» радиоактивті элементтер (америций, цезий немесе стронций) табылған жоқ, - деді Асан Айдарханов.

Полигонның жерасты және жерүсті суларындағы негізгі радиоактивті элементтер су молекуласының құрамына кіретін «тритий» сутегінің ауыр изотопы болып табылады. 

Алайда, оның полигоннан тыс шығуы 7600 Бк/кг тең рұқсат етілген шоғырланудан аспайды. Басқа «ұзақ өмір сүретін» радиоактивті элементтердің (цезий, стронций немесе плутоний) қозғалысы ядролық сынақтар өткізілген орындарда шектеледі.
Қорытындылай келе, ядролық сынақтар жүргізілген сынақ алаңдарының радиоактивті ластанған учаскелерін есептемегенде, жалпы полигондағы және одан тыс жерлердегі ауа мен су ортасының ағымдағы радиациялық жағдайы тұрақты және халық үшін қауіп төндірмейді деп айтуға болады, - деді ол. 

«Ұлттық ядролық орталық» РМК зерттеулерінің нәтижелері радиоэкология және радиобиология мәселелері бойынша республикалық және халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда және семинарларда оң бағаланады. Бұл бүгінгі таңда полигонда жұмыс жүргізу кезінде жинақталған тәжірибе мен жинақталған біліктіліктің арқасында, ҚР Ұлттық ядролық орталығы радиоэкология саласындағы жетекші кәсіпорынға айналғанын көрсетеді.
 

 


Өзгелердің жаңалығы