Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ALIKHAN BOKEIKHAN UNIVERSITY Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің PhD докторанты Мақсат Жәнібек facebook-тегі парақшасында хабарлады.
72 жыл бұрын, дәл осы күні Семей жерінде ең алғашқы атом бомбасы сыналған еді. 42 жыл бойы тоқтаусыз 460 қа жуық жарылыс болды. Семей сынақ полигоны аумағы қазіргі Израиль, Словения мемлекеттерінің аумағымен шамалас. Жарылыстардың күші Жапониядағы Хиросима-Нагасакиға тасталған бомбадан 2,5 мың есе күштірек. Бомбамен қатар бұл жерде жергілікті тұрғындардың өмірі мен шаруашылығы да сыналып жатты, - деді ол.
Жәнібек Семей полигонына қатысты тың құжаттарды туралы айтты. Ол құжаттарды облыстық «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы» мұрағатынан алғанын атап өтті.
Бұл мәлімет «өте құпия» белгісі қойылған, қазір қолжетімді көптеген архив құжатынан мәлім. Сөзіміз дәлелді болуы үшін бір сынаққа қатысты бірнеше құжатты келтіруді жөн көрдім. Бірінші құжатта, КГБ Полковнигі Фомичев 1962 жылы 7 тамызда болған сынақтан кейін көршілес аудандардағы бидай егістік алқаптарының мөлшерден 60 есе көп радиоктивті ластануына қатысты анықтама береді, - деді PhD докторант.
Екінші құжатта, Воскобойников, Макшаков, Гуреев сынды полигонға қатысты министрлік өкілдері мен генералдары, Семей облысы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы М.П.Карпенкоға жоғарыдағы бидайдың ластануына қатысты берген жауаптары жазылған. Олардың сөзінше, «... бәрі дұрыс, уайымдайтын ештеңе жоқ, тек бұл бидай шекарадан шығып, экспортталып кетпесін, жергілікті халыққа мұны еш кедергісіз тарата беру керек». Бәрі дұрыс болса, ол бидайды неге экспорттауға тыйым салынғаны түсініксіз әрине.
Үшінші құжатта Семей облысының ОК бірінші хатшысы Карпенко, Қазақ ССР Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевқа жоғарыдағы болған оқиғаны, осыған қатысты министірліктің шешімін баяндай келе, жергілікті халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді сұрайды.
Айта кетерлік бір жайт, қырық жылдық атом сынағының жиырма бес жылы Д.Қонаевтың бірінші хатшылығымен тұспа тұс келеді. Полигонға қатысты осындай құпия құжаттардың дені сол кісінің алдынан өтіп отырған. Жоғарыдағы үш құжат, осы тәрізді құпия құжаттардың бір бөлігі ғана. Полигон шындығы әлі талай зерттеулерді қажет етеді, - деді ол.