Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында жазушы Сәуле Досжанның «Қасірет пен Тағдыр» атты кітабының тұсау кесер рәсімі өтті. Көркем шығармада атом бомбасы сынағынан жапа шеккен Семей өңірі тұрғындарының қасіреті баяндалады.
Кітаптың атауының өзі тегін емес, биыл Семей полигонының тоқтағанына 30 жыл толады. Атом сынағынан зардап шеккендер жайлы жазсам деген ой бұрыннан көкейімде жүрді. Хиросимада екі бомбы, Чернобыльде бір АЭС жарылғанын бүкіл әлем білді және көп айтылды. Ал бізде 470 рет бомбы жарылып жатқанда әлем неге үнсіз қалды. Неге Қазақстанның осы жағдайын әлем білмейді деге ой мазалайтын. Кейін сынақ өткен аймақты түгел шарлап, сондағы халықтан сұхбаттасып, дерек жинап осы шығарманы жаздым. Бұған дейін деректі еңбектер көптеп шыққан. "Мәңгілік бала бейне" атты бір драма және шағын повесть әңгімелер жарық көрген, бірақ үлкен романдар шықпаған екен,- дейді автор.
Кітап алғашында "Қазақ университеті" баспасында басылып, кейін ШҚО әкімдігінің қолдауымен "Фолиант" баспасында басылған. Сондай-ақ орыс тіліне де аударылып басылған, қазір Англияда ағылшын тіліне аударылып жатыр екен.
Кітапты жазуға үш жылдай уақытым кетті. Халықпен сұхбаттасу кезінде сол өңірде "Қайнар синдромы" деген ауру белгілегенін білдім. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл ауру ұрпақтан-ұрпаққа 300 жылға дейін жалғасатын көрінеді. Семей халқына шығарманы таныстырған кезде олардан тағы көптеген дерек жинадым, мүмкін алдағы уақытта кітаптың жалғасы болып та қалуы мүмкін, - дейді С. Досжан.
Автор радиациядан қырылған жергілікті халықтың ауыр жағдайын Аяулым есімді кейіпкердің қиын тағдыры арқылы баяндаған. Арасында адам баласына тән махаббат сезімі де, тіпті мистикалық оқиғалар да жеткілікті.
"Ей, мейрімді жандар! Өз баламнан өзім шошысам, сендердің не жазықтарың бар? Бұл сұмдыққа кім кінәлі?!",- деп зарлаған әйел сол кездегі көптеген ананың басына түскен ауыр халді баяндап тұрғандай.
Кітаптың таныстырылымына қоғам қайраткерлері мен көрнекті ақын-жазушылар, ғалымдар, тарихшылар мен кітапхана оқырмандары қатысып, шығарма жайлы өз ойларын білдірді.
Бұл шығармада кеңес кезінде айтылмай келген полигонның қазақ халқына әкелген зардабы және кейінгі буын тартатын қасіреті айтылған. Мұндай шығарманы көбінде ер адамдар жазатын, алайда автор қорықпастан қалам тербеп, тақырыбын аша білген. Кітапты өзге тілдерге аударып шетелде кеңінен насихаттауға тұрарлық еңбек, - дейді профессор Айгүл Смақова.Жазушы, қоғам қайраткері Сәуле Досжанның бұған дейін "Үшінші есіктің құпиясы", "Арман қала", "Өгей жүрек", "Үлкен үйдегі үрей" және тағы басқа шығармалары жарық көрген.