Қазақстанда сел қауіпсіздігі мен төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесі жеткілікті деңгейде дамымаған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мүтәлі Әбутәліп Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары ел аумағында 17 сел оқиғасы тіркелгенімен, олардың барлығы «минималды әсер» санатына жатқызылған. Алайда ұсынылған деректер жалпыланған сипатта болып, нақты тәуекелдер мен елді мекендердің осалдығын бағалауға мүмкіндік бермейді.
Сонымен қатар, селден қорғайтын инженерлік инфрақұрылымның дамуы да баяу. Соңғы жылдары тек Алматыдағы «Аюсай» селге қарсы бөгеті ғана іске қосылған. Бұл басқа қауіпті аймақтардағы жағдайға сай келмейді.
Депутат цифрландыру мәселесіне де тоқталды.
Қазіргі таңда елімізде толыққанды болжау жүйелері жеткіліксіз. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін, сенсорлық деректерді біріктіретін және үлкен деректерді өңдейтін кешенді жүйе қалыптаспаған. Қолданыстағы жобалардың көбі Алматы қаласымен ғана шектеледі, - деді Мүтәлі Әбутәліп.
Сондай-ақ төтенше жағдайлар туралы ескерту жүйесінің қамту деңгейі небәрі 50,5%-ды құрайды. Бұл қауіпті жағдай кезінде халықтың жартысына жуығы дер кезінде хабар алмауы мүмкін екенін көрсетеді.
Қаржыландыру мәселесі де өзекті. Соңғы жылдары сел қауіпсіздігіне бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға арнайы бюджет қаражаты бөлінбеген.
Депутат халықаралық тәжірибеге назар аударды.
Мәселен, Жапония сел қауіпсіздігін инженерлік қорғаныс, дамыған мониторинг және модельдеу жүйелері арқылы кешенді түрде қамтамасыз етеді. Ал Швейцарияда барлық сенсорлық деректер жасанды интеллект арқылы өңделіп, қауіп-қатер дәл болжанады, - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.
Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар ұсыныс енгізді:
• сел қауіпсіздігі бойынша бірыңғай мемлекеттік бағдарлама әзірлеу;
• қауіпті аймақтардағы қорғаныс құрылыстарының жеткіліксіздігіне аудит жүргізу;
• халықты төтенше жағдайлар туралы 100% ескерту жүйесімен қамту;
• жасанды интеллектке негізделген болжау жүйелерін толық енгізу.
Депутат қабылданған шаралар туралы заңнамада белгіленген мерзімде жауап беруді сұрады.