Таразда 80 пәтер пайдалануға берілді

7 Мамыр 2019, 17:14
1878
Бөлісу:
Таразда 80 пәтер пайдалануға берілді
Фото: автордан

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Отан қорғаушылар мерекесіне орай Тараз қаласында 100 пәтерлі арендалық коммуналдық көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтер кілтін иеленгендер қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетім балалар, әлеуметтік жағынан қорғалған топтар, мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері бар.

Пайдалануға ұсынылған ғимарат «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында былтыр тұрғызылған болатын. Құрылысын мердігер «Агроспецстрой» ЖШС жүргізген.

«Байтерек» мөлтек ауданында орналасқан бұл №26 үйдегі 20 пәтер ақпан айында «Мыңбұлақ» ауданындағы №62 үйде орын алған жарылыс кезінде зардап шеккендерге уақытша қоныстануға берілген болатын. Ал бүгін ондағы 80 пәтердің кілті тұрғын үй алу кезегіне тіркелген азаматтарға табысталды. Мұндағы баспана әлеуметтік жағынан қорғалған топтардың азаматтарына жекешелендіру құқығынсыз беріледі және арендалық айлық төлем көрсеткіші 5500-6000 теңге көлемінде белгіленген.

«Облыс көлемінде әрбір мереке қарсаңында жаңа нысандарды пайдалануға беру, халыққа пәтер кілтін табыстау сияқты игі шаралар дәстүрге айналды. 8-наурыз мерекесіне Жаңатас қаласында 60 отбасына пәтер кілті тапсырылса, 1-мамыр мерекесіне орай Тараз және Қаратау қалаларында барлығы 120 пәтер тапсырылды. Оның ішінде, 57 пәтер көпбалалы отбасына берілді. Бүгін осы игі үрдіс жалғасын тауып, тағы 80 пәтер беріліп отыр. Оның ішінде 35 пәтер көпбалалы отбасына бөлінген» - дейді Жамбыл облысының әкімі Асқар Исабекұлы.

Айта кетейік, облыс аумағында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету нысандарына барлығы 16,7 миллиард теңге қаралған. Бұл қаржы есебінен 30 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы мен 14 инженерлік инфрақұрылым жобаларын іске асыру жоспарланған. 

        

 


Өзгелердің жаңалығы