Сегіз айда ХҚКО арқылы 145 мыңнан астам туу туралы куәлік берілген

11 Қыркүйек 2020, 13:49
2216
Бөлісу:
Сегіз айда ХҚКО арқылы 145 мыңнан астам туу туралы куәлік берілген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күні атап өтіледі. Биылғы мереке 13 қыркүйекке дөп келіп отыр. Осыған орай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ең танымал ТОП-3 отбасылық қызмет бойынша ақпаратты ұсынады.

Олар – баланың туғанын тіркеу, жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылғаны үшін әлеуметтік төлем тағайындау, баланың туғанына және оның бір жасқа дейінгі күтіміне жәрдемақы тағайындау қызметтері.
Биыл 8 айда Қазақстанның халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы сәбидің 145 мыңнан астам туу туралы куәлігі берілген, 267 мыңнан астам жас ана бала туғаны үшін бірретік және оның бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне тиісті жәрдемақыларды алған, ал 134 мыңнан астам әйелге жүктілігі мен босануына байланысты табысынан  айырылғаны үшін әлеуметтік төлем тағайындалған, - делінген хабарламада.
Аталған қызметтерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ғана емес, egov.kz электронды үкімет порталы арқылы ЭЦҚ көмегімен де тапсырыс беруге болады немесе мобильді азаматтар базасында тіркелгендер проактивті форматта  SMS-хабарлама арқылы ала алады.

Айта кетейік, баланың тууына байланысты проактивті қызмет Қазақстанда 2017 жылдың соңында іске қосылды. Бала дүниеге келгеннен кейін ата-анаға бірден құттықтау SMS-хабарламасы, сондай-ақ сәбидің тууын тіркеу бойынша мемлекеттік қызметті алу туралы ұсыныс келеді. Электрондық үкіметтің порталы барлық ақпаратты мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады, ал жетіспейтін ақпарат қызмет алушыдан SMS-хабарлама арқылы сұратылады. Соңғы үш жылда 85 мыңнан астам қазақстандық отбасы баланың туғанына қатысты қызметтерді проактивті түрде алған.

Тағы бір ақпарат қосып өтсек, жыл басынан бері 53 мыңнан астам жұп некелерін egov.kz электронды үкімет порталы арқылы тіркеген.



Өзгелердің жаңалығы