Щучинск қаласында Әскери спартакиада жеңімпаздары анықталды

7 Наурыз 2022, 18:44
1850
Бөлісу:
Щучинск қаласында Әскери спартакиада жеңімпаздары анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан әскерінің 30 жылдығына арналған Қарулы күштердің XIX Спартакиадасының қысқы кезеңі барысында армиялық қоян-қолтық ұрыстан, гір спортынан және шаңғы тебуден жарыстар өтті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. 

Жарыс Щучинсктегі Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт клубының шаңғы базасында және Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжде өтті.

Гір спортынан өткен сайыста командалық есепте Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері жеңіске жетті. Мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Олег Деуш (73 келіге дейін), сержант Дастан Әблезов (78 келіге дейін) және мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Никита Друца (85 келіге дейін) жеңіс тұғырынан көрінді.

68 келі салмақта «Батыс» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғаған мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Бексұлтан Мұхит жеңімпаз атанды. Ал 95 келі салмақта «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының атынан сайысқан 3-сыныпты сержант Сұңқар Қуанышев алдына жан салмады.

Ұлттық ұланның намысын қорғаған қатардағы жауынгер Дархан Сағынтай (63 келіге дейін) мен қатардағы жауынгер Жамбыл Оспанов (95 келіден астам) жеңіс тұғырының бірінші сатысынан көрінді.

Атыс шебінде оқ атуы бар шаңғы жарысы бойынша командалық есепте «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері жеңіске жетті, күміс жүлдені Әуе қорғанысы күштерінің өкілдері еншілесе, үшінші орын – Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлеріне бұйырды.

Бір күн бұрын армиялық қоян-қолтық ұрыстан турнир аяқталып, оның қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Десанттық-шабуылдау әскерлерінің командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының, үшінші орынды «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері олжалады, - делінген ақпаратта.

Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының бастығы Айталап Құрғамбаевтың айтуынша, спартакиада нәтижесі әскери қызметшілердің дене шынықтыру дайындығы деңгейінің артқанын көрсетіп отыр. Жарыс қорытындысы бойынша халықаралық әскери спорттық сайыстарда еліміздің намысын қорғайтын Қазақстан Қарулы күштерінің құрама командасы құрылатын болады.

Спартакиадаға Қазақстан Республикасының Қарулы күштері, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардан 350-ден астам әскери қызметші қатысқанын естеріңізге сала кетейік.

 

Өзгелердің жаңалығы