Щучьедегі студенттің өлімі. ІІМ екі қылмыстық іс қозғады

10 Қазан 2023, 12:40
734
Бөлісу:
Щучьедегі студенттің өлімі. ІІМ екі қылмыстық іс қозғады
Фото: BAQ.KZ - архив

7 қазанда Ақмола облысы Щучье қаласындағы теміржол өткелінде студенттің денесі табылған болатын. Бүгін осы іске қатысты қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Polisia.kz мәлім еткендей, Мемлекет басшысының Ақмола облысы Щучинск қаласының 19 жастағы тұрғынының өлімін жан-жақты тергеу бойынша берілген тапсырмасымен ІІМ орталық аппараты мен облыстық полиция департаменті қызметкерлерінің қатарынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Қазір топ оқиға орнына шықты. 

Қосымша ҚР ҚК-нің 105-бабы бойынша (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу), сондай-ақ қаза тапқан адамның туыстарының одан ақша бопсаланды деген арызымен ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық істер қозғалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Алдын ала тергеу нәтижелері бойынша құқықтық баға берілетін болады. Тергеу барысы Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында, - делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетейік, қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды.

Еске салсақ, биыл 7 қазанда Ақмола облысы "Бурабай-Жамантұз" теміржол өткелінде студенттің денесі табылды. Артынша ҚР ҚК 344-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды.

Кейіннен қаза болған студенттің анасы видео түсіріп, Мемлекет басшысы мен министрге үндеу жолдады. Баласынан айырылған әйел Президенттен баласының өлімін жіті тексеруді. Аймақта ақша бопсалайтын қылмыстық топтың бар екенін айтқан.

Бүгін Мемлекет басшысы студенттің өлімін жан-жақты тексеруді тапсырған болатын. 

Өзгелердің жаңалығы