Қазақстандықтар алдағы Құрылтай сайлауында өздерінің сайлау учаскесін бірнеше онлайн платформа арқылы біле алады. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, сайлаушылар учаскесінің нөмірі мен мекенжайын ЖСН арқылы gov.kz сайтынан тексере алады. Қызметке eGov порталы және басқа да ресми интернет-парақшалар арқылы өтуге мүмкіндік беріледі.
"Учаскенің қай ғимаратта орналасқаны, мәселен, мектеп немесе басқа ұйым екені туралы барлық ақпаратты онлайн көруге болады. Оны gov.kz сайтында ЖСН арқылы тексеруге немесе eGov порталынан өтуге болады", – дейді Ростислав Коняшкин.
Сонымен қатар eGov Mobile мобильді қосымшасына кірген кезде пайдаланушыға сайлау учаскесінің нөмірі, мекенжайы және орналасқан жері автоматты түрде көрсетіледі.
Бірінші вице-министрдің сөзінше, азаматтарға қолайлы болуы үшін бұл ақпаратты екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы да ұсыну жоспарланып отыр.
Алайда сервистің нақты қай күні іске қосылатыны әзірге айтылған жоқ.
Еске сала кетейік, ОСК Қазақстанда өтетін Құрылтай сайлауындағы бюллетень қандай болатынын түсіндірді. Сайлауға 12,7 млн бюллетень басып шығарылады.
Сондай-ақ, ЕҚЫҰ, ТМД және ҰҚШҰ өкілдері Құрылтай сайлауын бақылайды.