ЕҚЫҰ, ТМД және ҰҚШҰ өкілдері Құрылтай сайлауын бақылайды

Құрылтай сайлауын бақылауға халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің өкілдері келеді. ОСК қанша байқаушыны аккредиттегені белгілі болды.

 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов 3 Тамыз 2026, 13:24
3 Тамыз 2026, 13:24
167
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Бүгін Орталық сайлау комиссиясы 9 шет мемлекеттен және 4 халықаралық ұйымнан 155 халықаралық байқаушыны аккредиттеді, деп хабарлайды  BAQ.KZ тілшісі.

Комиссия отырысында сөз сөйлеген ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман Еуропа елдері мен ТМД мемлекеттерінің халықаралық байқаушылары Қазақстанда өтетін сайлау науқанына ерекше қызығушылық танытып отырғанын айтты.

2026 жылғы 3 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Орталық сайлау комиссиясына 9 шет мемлекеттен және 4 халықаралық ұйымнан 155 халықаралық байқаушының кандидатурасын аккредиттеуге ұсынды. Олардың ішінде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясынан – 86 байқаушы, ТМД Байқаушылар миссиясынан – 22, ТМД ПАА-дан – 23, ҰҚШҰ ПА-дан – 6 байқаушы бар. Шет мемлекеттерден: Ресей Федерациясынан – 3 байқаушы, Әзербайжан Республикасынан, Армения Республикасынан, Иордания Хашимит Корольдігінен, Қырғыз Республикасынан, Молдова Республикасынан, Мьянма Одағы Республикасынан және Румыниядан – әрқайсысынан 2 байқаушы, Украинадан – 1 кандидатура ұсынылды, – дейді Мұхтар Ерман.

Еске салайық, аталған миссиялардың құрамына 29 елдің атынан 74 депутат кіреді. Олардың қатарында Австрия, Әзербайжан, Албания, Беларусь, Бельгия, Босния және Герцеговина, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Испания, Италия, Қырғызстан, Латвия, Люксембург, Нидерланд, Норвегия, Польша, Ресей, Румыния, Солтүстік Македония, Словения, Тәжікстан, Түркия, Финляндия, Франция, Хорватия, Черногория, Чехия және Швеция мемлекеттерінің өкілдері бар.

Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы аккредиттеген делегациялардың қатарында шет мемлекеттердің орталық сайлау органдарының 12 делегациясы бар.

Олардың жетеуін Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Пәкістан және Ресейдің орталық сайлау комиссияларының төрағалары бастап келеді. Бұдан бөлек, Тәжікстан, Түркия және Өзбекстанның орталық сайлау органдарының басшылары да сайлауды байқауға қатысатынын растады.

Осылайша, бүгінгі күнге дейін Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан 251 халықаралық байқаушыны аккредиттеді.

Аккредиттеуге қатысты ұсыныстар келіп түскен сайын халықаралық байқаушылар туралы мәліметтер жаңартылып отырады.

Еске сала кетейік, ОСК Қазақстанда өтетін Құрылтай сайлауындағы бюллетень қандай болатынын түсіндірді. Сайлауға 12,7 млн бюллетень басып шығарылады.

Наверх