Сайлау комиссияларының кәсіби біліктіліктері каскадтық тәсілмен арттырылуда

26 Мамыр 2019, 10:06
2247
Бөлісу:
Сайлау комиссияларының кәсіби біліктіліктері каскадтық тәсілмен арттырылуда

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы бойынша бүгінде барлығы 484 сайлау учаскесі құрылған. Сондай-ақ, 717 970 сайлаушының тізімі рәсімделіп, облыстық аумақтық сайлау комиссиясына ұсынылды. Бұл туралы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің базасында өткен Орталық сайлау комиссиясының жиынында айтылды.

Президент сайлауына өңірде бұған дейін қандай жұмыстар атқарылғанын баяндаған Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Рүстем Дәулет барлық сайлау учаскелері тиісті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілгенін де жеткізді.

«Комиссия мүшелерін оқыту шаралары аяқталуға жақын. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың халықаралық талаптарға сәйкес сайлауға қатысу құқығын қамту мәселесі де басты назарда. Өңірдегі 717 970 мың сайлаушының 5,4%-ы, яғни 38 882-сі мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Олардың сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруі үшін стандарттарға сәйкес кедергісіз жағдай жасау шаралары қолға алынған», - деді ол.

Рүстем Рысбайұлының сөзіне қарағанда, саяси науқанға дайындық барысының әлі де жетілдіре түсуді қажет ететін тұстары бар.

Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловтың айтуынша, комиссия мүшелері сайлау процесіне қатысты туындайтын құқықтық мәселелерге байланысты дұрыс жауап беруі керек.

«Сондықтан үш кезеңнен тұратын оқыту жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Сарысу, Жуалы, Жамбыл және Байзақ аудандарында көшпелі семинарлар өтті. Осылайша сайлау комиссияларының барлық деңгейдегі мүшелерін каскадтық тәсілмен кәсіби біліктіліктерін арттырамыз деген межеге қол жеткіземіз», - деді Серғали Айдапкелов.

Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы сайлау заңнамасын түсіндіру мен оқытуға жастар да кеңінен қамтылып жатқанын мәлімдеді. Мәселен, алғаш рет жамбылдық жастар арасында «Жастардың жазғы мектебінің көшбасшысын сайлау» іскерлік ойыны ұйымдастырылған.

Айта кетейік, жергілікті әкімдіктер мен сайлау комиссиялары тарапынан кандидаттардың барлығына тең сайлау құқығын қамтамасыз ету мақсатында барлық аудан мен Тараз қаласында сайлауалды үгіт-насихат құралдарын орналастыратын 294 тақтайша мен сайлаушылармен кездесуге арналған 215 орын белгіленген.

Сонымен қатар, Call орталықтар құрылған. Кез келген сайлаушы осы орталыққа хабарласып, өздерінің дауыс беру учаскелерін анықтауға және басқа да сайлауға байланысты шағымдарын қалдыруға болады.

Өзгелердің жаңалығы