Сайлау кезінде заң бұзғандарға айыппұл көбейеді: Қандай өзгерістер болады?

Онлайн үгітке бақылау күшейтіліп, жасырын қаржыландыруға тыйым салынады. Сондай-ақ кандидаттардың сайлау қорынан тыс көмек алуына және интернет-платформалардың теңсіздік жасауына әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.

Бүгiн 2026, 10:25
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов Бүгiн 2026, 10:25
Бүгiн 2026, 10:25
200
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов

Парламентте «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл құжаттар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілетін өзгерістерді іске асыру үшін әзірленгенін айтты.

Бұған дейін Парламент палаталарының бірлескен отырысында сайлау туралы Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған. Онда сайлау рәсімдерінің ашықтығын арттыру, жасырын қаржыландыруға тосқауыл қою, әкім сайлауындағы қайта дауыс беру тәртібін енгізу, кандидаттарға қойылатын талаптарды күшейту және сайлау комиссияларының жұмысын жетілдіру қарастырылған, - деді Жұманғарин.

Жаңа ілеспе заң жобалары осы нормаларды нақты іске асыру тетіктерін айқындайды.

Онлайн үгітке жаңа талаптар енгізілмек

Серік Жұманғариннің айтуынша, заң жобасында онлайн-платформалар арқылы сайлауалды үгіт жүргізу мәселесіне ерекше назар аударылған.

Енді интернет-платформалар кандидаттарға тең жағдай жасауға міндетті болады. Егер онлайн-платформа үгіт материалдарын жариялаудан негізсіз бас тартса немесе кандидаттардың біріне артықшылық берсе, әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске сәйкес, мұндай жағдайда жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш, ал заңды тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, - деді ол.

Жасырын қаржыландыруға тосқауыл қойылады

Заң жобасында кандидаттар мен саяси партияларға сайлау қорларынан тыс материалдық немесе қаржылық көмек алуға тыйым салу нормасы да енгізілген.

Министрдің мәліметінше, сайлау қорынан тыс қаржы немесе басқа да материалдық көмек алған жеке тұлғаларға 25 АЕК, ал заңды тұлғаларға 55 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Сонымен қатар қолданыстағы Конституциялық заңда қаржыландыру талаптарын бұзған кандидаттың немесе партиялық тізімнің тіркеуін жою мүмкіндігі де қарастырылған.

Серік Жұманғарин бұл нормалар сайлау науқандарын жасырын әрі бақылаусыз қаржыландыруға жол бермеуге бағытталғанын айтты.

Бюджет қаржысын заңсыз жұмсағандарға жаза күшейеді

Заң жобасында кандидаттардың үгіт жұмыстарына бөлінген мемлекеттік бюджет қаражатын пайдалану тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік те күшейтіледі.

Мұндай құқықбұзушылықтар үшін айыппұл көлемі 5 айлық есептік көрсеткіштен 25 АЕК-ке дейін ұлғайтылады.

Министрдің айтуынша, бұл өзгерістер бюджет қаржысының ашық әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мәслихаттардың өкілеттігі де нақтыланады

Бұдан бөлек, ілеспе заң жобаларында мәслихаттардың құзыреттерін сайлау туралы Конституциялық заңның жаңа нормаларымен сәйкестендіретін редакциялық түзетулер енгізілген.

Үкімет өкілінің сөзінше, ұсынылып отырған өзгерістердің барлығы сайлау процесіндегі адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге, барлық қатысушылар үшін бірыңғай әрі түсінікті ережелер қалыптастыруға бағытталған.

Наверх