Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рақымжанов партияның Құрылтай сайлауына неліктен небәрі 33 кандидат ұсынғанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Партия төрағасының айтуынша, ЖСДП тізімді танымал тұлғалармен жасанды түрде көбейтуді көздемейді. Негізгі мақсат – бес пайыздық межеден өтіп, елдің заң шығарушы органына кіру.
Бұл – өте маңызды мінбер әрі үлкен жауапкершілік. Партиялық тізімге социал-демократияның не екенін түсінбейтін, біздің қағидаларымызды ұстанбайтын, бағдарламамызды білмейтін әлдебір блогерді тек танымал болғаны үшін қосу – біздің саясатымызға жат. Сайлау алдында кездейсоқ келіп, тізімге еніп, кейін депутат болып кететіндерге сенім артпаймыз, – деді Асхат Рақымжанов.
Оның сөзінше, партия кандидаттарды ұзақ уақыт бойы ЖСДП-мен бірге жұмыс істеген, оның құндылықтары мен мақсаттарын қолдайтын кадрлардың арасынан таңдаған.
2023 жылғы сайлауда партиялық тізімімізде небәрі 19 адам болды. Қазір олардың саны 33-ке жетті. Бұл партияда жұмысты білетін, бізбен ұзақ уақыттан бері бірге келе жатқан кадрлар қалыптасып жатқанын көрсетеді. Біз осындай адамдарға басымдық береміз, – деді ЖСДП төрағасы.