Сайлау-2023: ОСК блогерлердің кандидаттарды үгіттеуіне қатысты пікір білдірді

16 Ақпан 2023, 18:22
2262
Бөлісу:
Сайлау-2023: ОСК блогерлердің кандидаттарды үгіттеуіне қатысты пікір білдірді
Фото: vechastana.kz

ОСК блогерлердің кандидаттарды үгіттеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының сайтында сайлауда ақылы түрде әлеуметтік желі не болмаса сайттарда жазба, мақала шығаратындардың тізімі шықты. Осыған байланысты әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары, блогерлер арасында бұған дейін қайда, қашан тіркелу керегі жайлы ешкім түсіндіре алмағаны айтылып жатыр.

Ереже бойынша сайлауалды үгіт-насихат материалдарын әлеуметтік желідегі парақшаларда жариялау үшін парақша иесі БАҚ сияқты 14 ақпанға дейін Орталық сайлау комисииясына не болмаса аймақтық сайлау комиссияларына ақпараттық хабарлама, прайсын жіберіп, сайттарына тіркелуі керек болды.

Осы мәселенің ережесін Орталық сайлау комиссиясы түсіндіріп берді.

ОСК-ның хабарлауынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 2-тармағына сәйкес белгiленген тiркеу мерзiмi аяқталған кезден бастап, үгіт науқаны аяқталғанға дейiн кандидаттардың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партиялардың өздерiнiң сайлау алдындағы бағдарламаларын үгiттеуге және насихаттауға құқығы бар.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес биылғы сайлау науқанындағы сайлау алдындағы үгіт 2023 жылғы 18 ақпан сағат 18.00-де басталып, 2023 жылғы 18 наурыз сағат 00.00-де аяқталады. Осы кезеңде барлық тіркелген кандидат, саяси партия сайлау алдындағы үгіт жүргізуге құқылы. 

Сайлау алдындағы үгіт басталған сәттен бастап оның аяқталуына дейін сіз өзіңіздің сайлауалды бағдарламаңыздың материалдарын әлеуметтік желілерде орналастыруға құқылысыз. Сайлау алдындағы үгіт материалдары Конституциялық заңның 27-бабының 7-1-тармағының талаптарына сәйкес келуі тиіс, атап айтқанда, онлайн-платформаларды пайдаланушылар кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға міндетті, - деді ОСК.

Конституциялық заңның 28-бабының 1-тармағына сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бірлестіктер қаржыландыруды талап етпейтін сайлау алдындағы үгіт жүргізуге құқылы.

Сонымен қатар Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағына сәйкес сайлау алдындағы үгіт жүргізу үшін төлем мөлшері, БАҚ-тың шарттық негізінде ұсынған үгіт материалдарын орналастыру шарттары туралы мәліметтерді онлайн-платформаларды пайдаланушылар сайлау алдындағы үгітті жүргізу басталардан кемінде бес күннен кешіктірмей, яғни 14 ақпанға дейін ОСК не тиісті аумақтық сайлау комиссиясына ұсынуға тиіс болды.

Онлайн-платформаларды пайдаланушылар шарттық негізде тіркелген кандидаттарға және партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға үгіт материалдарын жариялау үшін ақпарат көлемін ұсынады.

Үгіт материалдарын жариялау үшін шарттың талаптары белгілі бір кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуі тиіс.

Конституциялық заңның 28-бабының 5-тармағының үгіт материалдарын ресімдеу бөлігіндегі мазмұнына назар аударуды ұсынамыз. Осылайша, барлық үгіт материалында осы материалдарды шығарған ұйым (баспа материалдары бойынша - олардың басылған жері және таралымы), тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан ақысы төленгені туралы мәліметтер болуға тиіс. ҚР аумағының шегінен тыс жерлерде үгіт материалдарын дайындауға, анонимдік үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады. Конституциялық заңда сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа материалдарын, соның iшiнде безендiрiлген материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды тегiн таратуды қоспағанда, сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсету, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындайларға уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзу сайлау алдындағы жөнсiз үгіт деп саналады. Сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым салынады, - делінген ОСК жауабында.

Сондай-ақ сайлау алдындағы үгітті жүргізудің белгіленген нормаларын бұзғаны үшін заңнамада көзделген жауапкершілікке назар аударамыз (ҚР ӘҚБтК 102, 104, 113-баптары).

Өзгелердің жаңалығы