Атырау қаласының іргесіндегі "Беймахис" саяжайының тұрғындары көктемде суға кетуден үрейленіп отыр. Былтыр салынған бөгеттің беріктігіне күмәнмен қарайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Геолог ықшам ауданындағы саяжайда 400-ден астам тұрғын үй бар. Ондағы баспананың дені былтырғы көктемде тасқын судан зардап шеккен. Үйлердің іргесі сөгіліп, сыз тартса да әкімдіктегілер жәрдемдесуге, жөндеу ақысын төлеуге құлық танытпапты. Бұған тұрғындардың өкпесі қара қазандай.
![Саяжай тұрғындары су астында қалудан қорқып отыр](/userfiles/images/749ec671-2329-410e-9b66-68eacc659436.jpg)
Бұл жерде тұрып жатқаныма 20 жыл болды. Мына тұрған бөгет баяғыдан бар. Үйлерге тым жақын орналасқан. Стратегиялық нысан болып табылады. Көшеге жедел жәрдем көлігі кіре алмайтын болғандқтан, былтыр бөгетті жылжытып беруді талап еттік. Жұмыс орындалғанымен, сапасы көңіл көншітпейді. Былтыр жұмыс жасалып жатқанда техниканың жанармайы үшін өзіміз ақы жинадық, қызметкердің тамағына дейін әкеп бердік. Соның өзінде бөгет дұрыс істелмеген. Жаман айтпай жақсы жоқ, биыл көктемде су келсе, тағы да зардап шегеміз. Бізге осыны реттеп, жасап берсін деп талап етеміз,- дейді тұрғындардың бірі Анаргүл Зұлқашева.
Тұрғындар базынасын айтып жауаптылардың бәріне барған. Мемлекеттік мекемелер табалдырығын тоздырыпты. Ондағылар құлақ аспады деп өкпелі.
Былтыр су келердің алдында әкімге барып айттық. Бізге мына бөгетті жылжытып беріңіз деп сұрадық. Ұсынысымызды елеген жоқ. Су келді, су үйімізден бірақ шықты. Жөндеуге кеткен ақшамызды ешкім өндіріп берген жоқ. Бөгетті жасауды сұрағанда өтірік бір кәсіпкер келді де ары қарай ығыстырды, болды. Ешқандай технологиямен жасалған жоқ. Нығайтылған жоқ. Жобада ол қарастырылмаған екен. Енді алда тағы су келе жатыр ғой. Біз не істеуіміз керек? Қайта шығындаламыз ғой,- деді Беймахис саяжайының тұрғыны Әйгерім Дәулетиярова.
Тұрғындар бас көтергесін саяжай жұртымен кездесу үшін жауаптылар жетіп келді. Сөздерінше былтыр бұл жұмысқа қазынадан 16 млн теңге ақша бөлінген. Оны "Иманғалиев" жеке кәсіпкері атқарған. Бірақ соңына дейін атқармапты. Енді оның артын әкімдік жуып-шаю керек. Шенділер қазір бөгетті нығайту үшін дәл сол кәсіпкердің өзімен келіссөз жүргізіп жатқан көрінеді. Жұмыс атқарылады деп сендірді тұрғындарды.
![Саяжай тұрғындары су астында қалудан қорқып отыр](/userfiles/images/4952959c-6f93-403b-a699-9dddcdd3be4e.jpg)
Былтыр жасалғаны рас. Қазір бұл жұмыс бақылауда. Бұл бөгет шамамен наурыз айына дейін нығайтылады, стандартқа сәйкестендіріледі,-дейді Қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бексұлтан Сәбденов.
Беймахис саяжайындағы жұртты толғандыратын жалғыз мәселе бөгет емес. Мұндағы тұрғындар жол тауқыметін де тартып отыр. Асфальт төселмей қалған 1-2 шақырымдық жолда жаңбыр жауып, күн ерісе тобықтан суға батып, балшық кешуге мәжбүр екендерін айтады. Жауаптылардың бұл базынаға да жаттанды жауаптары дайын болып шықты.
Қала әкімі тұрғындармен кездескен кезде осы мәселе көтерілген болатын. Өзімізге түртіп алдық. Алдағы айда, наурыз-сәуір айлары, жол салу қалай басталады бірінші кезекте осы жақты жолдың қалдық материалдарымен төсеп, жайып беру жағын қарастыратын боламыз міндетті түрде,-дейді жауапты басқарма өкілі Қуанышбек Қабдығали.
Шенділер бөгетті нығайту бойынша жұмысты ос айдан қалдырмай бастауды да ойластырып жатыр. Егер жұмысты бұрын атқарған компания келіспесе, әкімдік тағы басқа демеуші табу керек. Қолұшын созатындар келіспесе, бюджеттен қосымша ақша бөлулері де мүмкін. Әйтеуір Жайық өзеніндегі судың деңгейі көтеріліп, сай-салаға жайылмайынша бір шешімін шығарулары тиіс. Олай болмаған жағдайда тұрғындар тағы зардап шегіп, баспаналарын су басуы ғажап емес.