«Бұл тек эмоция емес»: Саясаттанушы Тоқаевтың Ресей-Украина қақтығысына қатысты ұстанымын талдады

Саясаттанушы Президенттің Ресеймен және Украинамен қарым-қатынасы, аумақтық тұтастық пен бейбіт келіссөздерге қатысты ұстанымына тоқталды.

 Ақорданың баспасөз қызметі 30 Қыркүйек 2026, 12:55
30 Қыркүйек 2026, 12:55
134
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаев өзінің Telegram-арнасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей-Украина қақтығысына қатысты ұстанымына талдау жасады.

Саясаттанушының пікірінше, Мемлекет басшысының бұл мәселеге қатысты айтқан сөздері үнемі қызу талқыланып келеді. Алайда жекелеген тезистерге баға берумен қатар, Президенттің ұстанымын тұтас конструкция ретінде қарастыру қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей-Украина қақтығысына қатысты айтқан пікірлері үнемі қызу талқылаудың нысанына айналады. Біреуге мына тезисі, енді біреуге басқа пікірі ұнамайды. Алайда оларды біртұтас ұстаным ретінде талдауға көпшілік талпына бермейді, – деп жазды Данияр Әшімбаев.

Саясаттанушының айтуынша, тәжірибелі дипломат әрі Қазақстан сияқты мемлекеттің басшысы ретінде Тоқаев көпшілік үшін даулы болып көрінуі мүмкін прагматикалық пікірлерін ашық айтады.

Тоқаев Ресеймен достық пен одақтастықтан бас тартып отырған жоқ. Керісінше, ол Ресейдің соғыс алаңында жеңіске жетуінің мүмкін еместігін бірнеше рет атап, Мәскеудің өзара қауіпсіздік мәселесіндегі ұстанымының негізділігі туралы пікір білдірді, – дейді саясаттанушы.

Сонымен қатар оның пікірінше, Қазақстан Президенті Украинамен ынтымақтастықтан да бас тартқан жоқ.

Бұл ретте Тоқаев Украинамен ынтымақтастықтан да бас тартпайды, дегенмен Киевтің кейбір әрекеттері бізге көптеген мәселе туындатып отыр, – деп жазды ол.

Данияр Әшімбаевтың айтуынша, Қазақстан Президенті аумақтық тұтастық қағидатын дәйекті түрде ұстанып келеді.

Тоқаев аумақтық тұтастық қағидатын дәйекті түрде ұстанады. Бұл ұстанымның жекелеген қырлары, бәлкім, Бейжіңнен басқа ешкімге ұнай бермейді. Сонымен қатар ол Киевті, егер таңдау жасауға тура келсе, өз мемлекеттілігін сақтап қалу мәселесі туралы ойлануға шақырған болатын, – деді саясаттанушы.

Әшімбаев сондай-ақ Тоқаевтың санкцияларға қатысты ұстанымына тоқталды.

Тоқаев санкцияларды үнемі сынап келеді және олардың негізсіздігі мен мағынасыздығын бірнеше рет атап өтті, – деп жазды ол.

Саясаттанушы Қазақстан Президентінің қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге бағытталған ұстанымы тұрақты екенін атап өтті.

Тоқаев бейбіт жолмен реттеу бағытын ұстанады. Мұны ол барлық халықаралық мінберлер мен алаңдарда айтып келеді, – дейді Данияр Әшімбаев.

Тоқаев соғысты «қатыру» туралы не деді?

Данияр Әшімбаев Президенттің Германиядағы бүгінгі брифингте Ресей-Украина қақтығысына қатысты айтқан сөздеріне де назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда айтқан сөзіне түсініктеме беріп, соғысты дереу тоқтатуға шақырмағанын атап өтті.

Мен [Омбыда] соғысты дереу тоқтату керек деп айтқан жоқпын. Қазіргі жағдайда бұл, бәлкім, шынайы жүзеге асуы қиын екенін түсінемін. Мен Украина аумағындағы әскери әрекеттерді тоқтатып, одан кейін дипломатиялық немесе кез келген басқа келіссөздер процесіне көшу туралы айтып отырмын. Біздің ұстанымымыз – осы, – деді Мемлекет басшысы.

Саясаттанушы Қазақстанның да басқа мемлекеттер мен халықтар секілді түрлі бағыттағы әскери қақтығыстардан шаршағанын атап өтті.

Әр қақтығыстың тарихы, себептері мен бенефициарлары бар екені түсінікті. Бірақ әр қақтығыстың оны реттеудің жолы мен перспективасы да болуы керек, – деп жазды ол.

Әшімбаевтың пікірінше, Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатының негізінде прагматизм, ынтымақтастық пен келісім қағидаттары жатыр.

Бұл – қазіргі әлемге аса жетіспей тұрған нәрсе, – деді саясаттанушы.

Ол Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті ретінде қазіргі жаһандық тығырықтан шығудың жолдарын іздеуге және тараптар арасында көпір орнатуға шақырып отырған саясаткер ретінде сипаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның басшысы әрі дана адам ретінде көпірлер орнатуға және қазіргі жаһандық тығырықтан шығудың жолдарын іздеуге барша тарапты шақыруға тырысып келеді. Ресей-Украина қақтығысы – осы жаһандық тығырықтың бір бөлігі. Бұл тек эмоция емес, сонымен бірге прагматизм. Қазақстанға әрі қуатты Ресей, әрі Еуразияда бейбітшілік орнағаны маңызды, – деп түйіндеді Данияр Әшімбаев.

Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцпен келіссөздер қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында ARD телеарнасы журналистінің Украина аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысты ұстанымы жөніндегі сұрағына жауап берді. Мемлекет басшысы «Елімде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын» деп атап өтті.

Наверх