Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцпен келіссөздер қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында ARD телеарнасы журналистінің Украина аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысты ұстанымы жөніндегі сұрағына жауап берді.
Журналист Тоқаевтың бұған дейін Ресей Президенті Владимир Путиннің қатысуымен Омбыда соғысты «қатыру» туралы айтқанын, алайда бұл әзірге жүзеге аспағанын айтып, Мемлекет басшысынан осы жағдайға қатысты пікірін сұрады.
Мен Президент Путинге бұл мәселе бойынша өзімнің жеке ұстанымымды үлкен түсіністікпен қабылдағаны үшін ризашылығымды білдіремін, өйткені бәріміз, мемлекет басшылары, соның ішінде Ресей Президенті де, Украина аумағындағы әскери іс-қимылдарды тоқтатуды қолдаймыз. Менің Президент Путинмен қарым-қатынасым өте жақсы. Мен оны көрнекті мемлекеттік қайраткер деп санаймын. Бүгін мен жеткілікті дәрежеде сеніммен Президент Путиннің мемлекеттік қайраткер, Ресей басшысы ретінде – бұл сіздерге біртүрлі естілуі мүмкін – Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан үшін де, Еуропа және бүкіл әлем үшін де ең қолайлы саяси тұлға екенін айттым. Мен оны өте жақсы білемін, ол тарихы күрделі, өзінің стратегиялық мақсаттары туралы өзіндік түсінігі бар ірі мемлекетті басқаруға қажетті қасиеттердің бәріне ие. Әрине, Украинада болып жатқан жағдайға бәріміз алаңдаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстанның әуел бастан Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерін ұстанатынын және барлық мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатын құрметтеу әрі сақтау қажеттігін айтып келе жатқанын атап өтті.
Біз әуел бастан украин халқына, оның тарихына, мәдениетіне, дәстүрлеріне және, әрине, украин тіліне үлкен құрметпен қарайтынымызды айтып келдік, – деп қосты Тоқаев.
Тоқаев соғысты дереу тоқтату қажеттігін айтпағанын атап өтті.
Мен мұның қазіргі жағдайда, бәлкім, шынайы мүмкін емес екенін түсінемін. Мен Украина аумағындағы әскери іс-қимылдарды «қатыру» туралы айтып отырмын. Осы арқылы дипломатиялық немесе қандай да бір келіссөздер процесіне көшуге болады. Біздің ұстанымымыз – осы. Ресейге қатысты Қазақстан мен Ресей арасында ұзындығы 7597 шақырымды құрайтын ортақ шекара бар екенін ұмытпауымыз керек. Бұл – әлемдегі ең ұзын шекара. Бұл осы елмен достық қарым-қатынастарды дамытуға әсер ететін фактор емес пе? Қазақстан аумағында еліміздің 2,7 миллион ресейлік этнос өкілі тұрады. Біздің елде православ шіркеуі де айтарлықтай деңгейде ұсынылған және біз оған үлкен құрметпен қараймыз. Сондықтан осының бәрін ескеру қажет. Бірден кесіп шешім қабылдауға болмайды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға мүдделі екенін атап өтті.
Қазақстанға бейбітшілік пен тұрақтылық қажет. Онсыз біз ешқашан табысты мемлекет бола алмаймыз. Қазір біз даму жолында айтарлықтай жетістіктерге жетіп келеміз. Мұны көрсеткіштер де жеткілікті түрде дәлелдейді. Сондықтан Президент ретінде елімде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Бұл ретте Қазақстанмен көршілес аумақта бейбітшілікке қол жеткізуге және соғысты тоқтатуға қолдан келгенше үлес қосамын, – деп қосты Президент.