Бұл туралы саясаттанушы Риззат Тасым Еуразиялық интеграция институты "Ашық саясат" сараптамалық клубының кезекті отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық құрылтайдың жұмыс секцияларының отырысында ұзаққа созылған және қызу талқыланған "Өңірлік даму" жұмыс секциясының отырысы болды. Бiраз бастама жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты көтерілдi. Шынымен де, тiкелей сайлау азаматтық қатысуды арттырудың маңызды қадамы. Талай жыл бойы Парламенттiң өзi заң шығарушы орган ретінде ғана белгiленiп келдi, кейiн ғана заң шығарушы – өкілдi орган болып бекітілді. Сол сияқты бүгінде әкiмдiктер жергілікті атқарушы орган, ал мемлекеттік басқару мен жергілікті басқару арасындағы құқықтық мәселелер шешiлген соң жергілікті атқарушы - өкілдi орган ретiнде бекуi керек, - деп атап өтті саясаттанушы.
Айтуынша, IV Ұлттық құрылтайда жарияланған шешімдер аясында әкімдерді тікелей сайлау институтын дамыту мәселесі ерекше өзектілікке ие болып отыр.
Бұл – тек институционалдық өзгерістер ғана емес, сонымен қатар азаматтардың сеніміне, биліктің есептілігіне және идеялар арасындағы шынайы бәсекелестікке негізделген жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуы. Әкімдерді сайлау – бұл тек әкімшілік реформа емес, бұл – құндылықтар жүйесінің өзгерісі. Көп жылдан бері алғаш рет халық жергілікті жерлердегі кадрлық саясатқа тікелей ықпал ету мүмкіндігіне ие болды. Бұл әсіресе әлеуметтік-экономикалық сұраныстары көбіне ерекше әрі жергілікті сипаттағы шалғай өңірлер үшін өте маңызды, - деді Риззат Тасым.
Сонымен қатар саясаттанушы бірнеше мәселеге тоқталды.
Әкімдерді тікелей сайлау "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" моделінің логикалық жалғасына айналды. Алайда оң өзгерістермен қатар, алдымызда бірнеше объективті қиындықтар бар:
Аймақтардағы саяси жетілу проблемасы. Әр ауылда сайлауалды науқан жүргізіп, өзіндік даму бағдарламасын құра алатын үміткерлер бола бермейді. Бәсекелестік негізде сайлауға қатысып, құқықтық алаңда әрекет ете алатын кадрларды дайындау қажет. Мұндай мәселелерді талқылауды мүмкіндігінше өңірлерде, халық арасында өткізу маңызды.
Әкімшілік ресурстарды пайдалану құмарлығы. Жергілікті жерлерде ескі тәсілдердің инерциясы әлі де сақталған. Сондықтан саяси бәсекелестікті қолдан жасау қаупі бар. Бұл жағдай ОСК мен азаматтық қоғам тарапынан қатаң бақылауды талап етеді.
Заңнамалық және институционалдық реттеу қажеттігі. Түрлі деңгейдегі әкімдерді тікелей сайлауға көшу тәуекелдерді сапалы сараптауды және кең қоғамдық талқылауды қажет етеді. Ең алдымен, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңды өзектендіру маңызды. Бұл заң арқылы басқару жүйелері мен оған кіретін органдардың мәртебесі, функциялары мен өкілеттіктері нақты бөлініп, айқындалуы тиіс, - деді спикер.