Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрлік жаңа оқу жылының басталуына дайындық жұмыстарын жүргізеге асырып жатыр. Біріншіден, жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына ЖОО-лардың академиялық еркіндігін одан әрі кеңейтуді көздейтін өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарына кадрларды даярлау бағыттарының ерекшеліктерін ескере отырып, жалпы білім беретін пәндер циклінің бірқатар пән мазмұнына дербес өзгерістер енгізіледі. «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәнінің орнына «Қазақстан тарихы» пәні енгізілді, - деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, базалық және бейіндеуші пәндер кредиттерінің санын қатаң регламенттеу алынды.
Сондай-ақ ЖОО практик-мамандар мен топ-менеджерлерді студенттер мен магистранттардың дипломдық және зерттеу жұмыстарын басқаруға тарта алады.Екіншіден, бұл-білім беру бағдарламаларының мазмұнын өзектендіру. Бүгінде жоғары оқу орындары еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды қалыптастыру үшін инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірледі. Олардың саны 262-ге жетті. Түлектерді жұмысқа орналастыру мүмкіндігін кеңейту және жаңа қауіптерге бейімдеу үшін жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары арқылы нанодеңгейі мен микробіліктілігі енгізіледі, - деді ол.
Министрдің айтуынша, еңбек нарығын жоғары білім деңгейінде тәжірибелі мамандармен қамтамасыз ету және оларды мобильді даярлау үшін қолданбалы бакалавриат енгізіледі.
Осы жылдың қыркүйек айынан бастап пилоттық режимде 8 ЖОО базасында жаңа бағдарламалар іске қосылады, - деді ол.