Саясат Нұрбек: Шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз

Министр Қазақстанда 35 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жатқанын айтты

Бүгiн 2026, 12:12
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 12:12
Бүгiн 2026, 12:12
137
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Саясат Нұрбек педагогикалық білім беру жүйесін жаңарту, жасанды интеллектіні енгізу және шетелдік университет филиалдарын дамыту мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, педагогикалық білім беру мазмұнын түбегейлі жаңарту жұмыстары басталған. 2023 жылы Дүниежүзілік банк гранты аясында ірі жоба іске асырылып, оған Финляндияның жетекші педагогикалық университеттерінің мамандары тартылған.

Бүкіл бағдарламаларды қайта қарап, жаңа куррикулум әзірледік. Қазір оны кезең-кезеңімен енгізіп жатырмыз, – деді Саясат Нұрбек.

Жаңа білім беру мазмұны алдымен педагогикалық жоғары оқу орындарында енгізілген. Атап айтқанда, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті базасында жасанды интеллект факультеті ашылып, педагогика мен ЖИ ықпалы зерттелуде.

Министрдің сөзінше, бұл жаңарту жұмыстары алдағы уақытта 40-тан астам университетке кезең-кезеңімен енгізіледі.

Сонымен қатар ол шетелдік университет филиалдарына қатысты алаңдаушылыққа жауап берді. Қазіргі таңда Қазақстанда 30-дан астам шетелдік ЖОО филиалы жұмыс істейді.

Мемлекеттік тапсырыстың тек 4%-ы ғана осы филиалдарға беріледі. Сондықтан бұл бағытта алаңдауға негіз жоқ, – деді министр.

Оның айтуынша, мұндай филиалдар шетелге кететін қаржыны азайтып, дарынды жастардың елде қалуына мүмкіндік береді.

Мысалы, Кардифф университеті мен Heriot-Watt University сияқты шетелдік жоғары оқу орындарында оқу ақысы Қазақстандағы филиалдарға қарағанда айтарлықтай қымбат.

Министр Қазақстанда шетелдік студенттер саны да өсіп келе жатқанын атап өтті.

Қазір елімізде 35 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жатыр. Олардан 22 млрд теңге көлемінде кіріс түсті, – деді Нұрбек.

Оның айтуынша, алдағы жоспар – шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізіп, Қазақстанды білім беру хабына айналдыру.

Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мысалында бұл бағыттың тиімділігі байқалып отыр. Университетте 7 мыңнан астам шетелдік студент оқиды, олардың төлемдері оқу орнының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Министрдің сөзінше, шетелдік филиалдар мен студенттер ағыны алдағы 2-3 жылда университеттер үшін маңызды экономикалық ресурсқа айналады.

Бұл бағытта біз нақты нәтиже күтеміз. Филиалдар университеттердің дамуына серпін беретін драйверге айналады, – деді ол.

Наверх