19-шы Дүниежүзілік білім беру форумы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасымен оқитын қазақстандықтармен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға 30-дан астам стипендия иегері қатысты.
Министр студенттерге ғылым және жоғары білім саласындағы өзгерістер туралы айтып, оларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Біздің жас ғалымдарымыз отанымызға оралып, қазақстандық ғылымның сапасын көтеруге атсалысады деген үміттемін. Сіздерді қазірден бастап ассистент ретінде жоғары оқу орындарының ғылыми-технологиялық жобаларына қатысуға, ғылыми-зерттеу топтарына қосылуға шақырамын, - деп атап өтті министр.
Саясат Нұрбек тыңдаушылардың назарын Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ. Тоқаевтың техникалық бағыттағы мамандардың сапасы мен санын арттыру жөніндегі тапсырмасына аударды. Министрдің айтуынша, шетелдік жетекші техникалық жоғары оқу орындарында оқыған жас инженер кадрлар жаңа өндірістік алаңдардағы кадрлық жетіспеушілікті бірінші болып толтыруы тиіс.
Өз кезегінде студенттер кездесуге қызығушылық танытып, елдің ғылымы мен жоғары білімін дамыту бойынша өз көзқарастарын ұсынды. Министр барлық ұсыныстарды мұқият тыңдап, оларды назарға алатынын жеткізді.