«Саумалға сұраныс жоғары». Жұманғарин елдегі сүт өнімдерінің әлеуеті туралы айтты

22 Маусым 2023, 18:20
1166
Бөлісу:
«Саумалға сұраныс жоғары». Жұманғарин елдегі сүт өнімдерінің әлеуеті туралы айтты
Фото: - архив

Бұл жайында Премьер-министрдің орынбасары - Сауда интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Сәтті бизнеске не қажет? Әрине, жаңа өткізу нарықтары керек. Кәсіпкер бүкіл әлемді қамтығысы келеді. Ол өз өнімін АҚШ, ҚХР, ЕО елдерінің нарықтарына өткізуге мүдделі. Мәселен, ҚХР түйе сүтін өткізу процессі жолға қойылған, ол жерде ұлттық стандарт бар, ал саумалмен жағдай басқаша. Өнім Турция мен ЕО елдерінде өндірілмегендіктен ол сүт өніміне теңестіріледі. Сондықтан әр мемлекет өз елінің өндірушісін қорғауға тырысады. Сәйкесінше, сүт өнімдерін әкелу үшін қойылатын импорттық баж көлемі жоғары. АҚШ-та кейбір жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдерді әкелуге уақытша шектеулер қойылған, оның ішіне саумал мен шұбат енген, - деді вице-премьер.

Оның айтуынша, бие сүтіне негізделген өнімдеріне деген сұраныс пен олардың танымалдығы әлемде күн сайын өсіп келеді. Түркия мен ЕО елдеріне саумалды әкелуге қойылатын импорттық баж салығын төмендету мәселесі келіссөздер процесіне негізделеді.

Өнімге жеке ТН ВЭД коды берілгеннен кейін осы бағыттағы жұмысты әрі қарай ілгерілетуге мүмкін болмақ. Онымен Сауда министрлігі айналысуда. Бұл ұзақ және жүйелі жұмыс, оңтайлы шешім қабылданған жағдайдың өзінде тауарлық номенклатура бес жылда бір рет жаңартылады, ендігі жаңару кезеңі 2028 жылға келіп тұр. Аталған код берілгеннен кейін ғана Түркия мен ЕО елдеріне саумалды әкелуге қойылатын қолайлы импорттық баж салығын талқылауға болады, - деді Серік Жұманғарин.

Жұманғарин ел өнімін экспорттық нарықтарға шығару мүмкіндігін жеделдету үшін АҚШ елшіліктерімен және ЕО мемлекеттік органдарымен жұмысты жандандыратынын айтты.

Саумал мен шұбат өнімдеріне деген сұраныс жоғары, бие сүтінің, әсіресе емдік және балалар тағамына арналған өнім ретінде танымалдығы шетелде артып келетіні анық, - деп жазды ведомство басшысы.

Өзгелердің жаңалығы