Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бақыт Сұлтанов мен Алик Шпекбаев сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының жаңа кеңсесімен танысты, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Ақпан айынан бастап сәулет, қала құрылысы және жер басқармасы Мәмбетов көшесі, 24 мекенжайы бойынша орналасқан «Аффари» бизнес-орталығына көшкен болатын. Басқарма қызметкерлері open space форматында жұмыс істейді. Осылайша, жергілікті атқарушы органдар азаматтармен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшті. Жаңа кеңседе келушілерді қабылдау үшін заманауи ресепшн, ғимараттың периметрі мен холлы бойынша бейнебақылау қарастырылған, қызметкерлер мен келушілердің деректерін есепке алу үшін қолжетімділікті бақылау жүйесі бар.Сонымен қатар, басқармамен мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда мемлекеттік орган 22 мемлекеттік қызмет көрсетуде.
Бұған дейін бұл жерде электрондық нұсқада 2% мемлекеттік қызмет көрсетілді, бүгінде электрондық форматқа мемлекеттік қызметтің 39% көшірілді. Биыл қызметтің 80% электрондық түрге ауысуы қажет.
«Ашықтық - бұл сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу шарттарының бірі. Электрондық формат қызмет алушылармен байланыстың төмендегенін көрсетеді. Бізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, иммунитетті, сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру жүріп жатыр. Бұл параллель болуы керек. Кеңселер де ашылады, мемлекеттік қызметтерді цифрландырумен қатар, тиісінше, сана өзгеруі тиіс. Сол кезде қоғам да үлкен рахмет айтады», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев.