Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сауда саласында өсім бар – министрлік өкілі

16 Мамыр 2025, 09:10
426
Бөлісу:
 спикердің жеке мұрағатынан
Фото: спикердің жеке мұрағатынан

Биылғы жылдың алғашқы төрт айында көтерме және бөлшек саудада оң серпін байқалды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Тойгүл Жұбанисова мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанның сауда саласы 2025 жылдың алғашқы төрт айында тұрақты өсімді көрсетті. Көтерме сауда 7,4 пайызға, бөлшек сауда – 6,1 пайызға артқан.

Сауда саласында бүгінде 1,5 миллионнан астам адам еңбек етеді. Жалпы ішкі өнімнің 19 пайызы осы саламен байланысты. Бұл – ел экономикасындағы маңызды бағыттардың бірі, – дейді Тойгүл Жұбанисова.

Оның айтуынша, нақты көлем индексінің 67 пайызы көтерме саудаға тиесілі. Бұл көрсеткіш көтерме сауданың жалпы құрылымдағы жетекші рөлін дәлелдейді.

Түркістан облысында жеміс-көкөніс және фармацевтикалық өнімдерге деген сұраныс артып отыр. Ақмола облысында астық, тұқым және мал азығына қатысты көтерме сауда белсенді жүргізілуде. Ал Шымкент қаласында дизель отыны, дәрі-дәрмек және металл қалдықтары саудасы өсім көрсетіп отыр, – деді министрлік өкілі.

Ол бұл көрсеткіштерді нарықтың құбылмалы жағдайына бейімделе алатын кәсіпкерлер белсенділігімен байланыстырды.

Бұл мәліметтер сауда субъектілерінің нарықтағы кез келген өзгеріске икемделе алатынын көрсетіп отыр. Саладағы серпінді өсім осы бейімділіктің нәтижесі, – деп толықтырды Жұбанисова.

Өзгелердің жаңалығы