Сауда министрлері әлемдік сауданың негізгі мәселелерін талқылады

28 Ақпан 2024, 14:11
256
Бөлісу:
Сауда министрлері әлемдік сауданың негізгі мәселелерін талқылады
Фото: gov.kz

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында Дүниежүзілік сауда ұйымының 13-ші министрлік конференциясы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оған түрлі елдердің экономика, сауда және даму министрлері, сондай-ақ жаһандық экономикалық және сауда ұйымдарының өкілдері қатысуда.

Қазақстан Республикасының делегациясын Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев басқарды.

Комор аралдары одағы мен Шығыс Тимор ресми түрде Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүше болды. Арал мемлекеттерінің қосылуы туралы шешім ашылу рәсімі барысында бекітілді. Комор аралдары мен Шығыс Тимор қосылғаннан кейін ДСҰ мүшелерінің саны 166-ға жетті.

Конференция барысында экономиканың өңдеуші секторларына және қызмет көрсету секторына тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында Қазақстан теңізге шыға алмайтын елдерді инвестицияларға жәрдемдесу туралы ДСҰ-ның жаңа келісіміне қосылуға шақырды. Бұл бастама инвестициялық және бизнес ахуалды жақсартуға, мемлекеттік органдар тарапынан рұқсат құжаттары мен лицензиялар беру рәсімдерін оңайлату мақсатында «бірыңғай терезе» құруға, сондай-ақ инвестициялық қызмет үшін ашық және болжамды жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған, - делінген ақпаратта.

13-МК барысында Қазақстан ДСҰ-ын реформалауда елеулі нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін атап өтіп, дауларды реттеудің толық функционалдық жүйесінің және реформалау жөніндегі бастамаларды ағымдағы тақырыптық талқылаудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан тікелей шетелдік инвестицияларды ынталандыру, жұмыс орындарын құру және экономиканы әртараптандыру мақсатында ДСҰ-ның даму мақсатында инвестицияларға жәрдемдесу жөніндегі бірлескен Мемлекеттік бастамасының маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан әлемдік нарықтарға қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған цифрландыру және сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі күш-жігерді қолдады, бұл Қазақстанның экономикалық басымдықтарына сәйкес келеді.

Министрлер конференциясы екі жылда бір рет жиналатын ДСҰ-ның жоғарғы басқару органы. ДСҰ – әлемдегі ең ірі экономикалық ұйым, оның құрамына халықаралық сауданың 98 пайыздан астамын құрайтын 164 мүше мемлекет кіреді.

Өзгелердің жаңалығы