Сауда министрі азық-түлік бағасын қалай ұстап тұратындарын айтты

13 Наурыз 2021, 12:50
2659
Бөлісу:
Сауда министрі азық-түлік бағасын қалай ұстап тұратындарын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Facebook-тегі парақшасында азық-түлік бағалары мен олардың бағасын қалай ұстап тұратындары туралы жазды.

Министр кеше Бәсекелестікті қорғау және даму агенттігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердегі әріптестермен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және арнайы Жол картасын іске асыру мәселелері талқыланғанын атап өтті.

Біз «дәл қазір» бағаны ұстап тұруға әкімдіктердің шекті бағаларды белгілеуі арқылы мүмкін екенін көріп отырмыз. Ауыртпалықсыз, бұл «өрістен сөреге дейін» бүкіл тізбек бойынша маржа мөлшерінің теңгерімді төмендеуімен болады. Өйткені нарықтың заңдары бойынша бағаны акімшілік тәртібімен ұзақ мерзімде ұстап тұрудың нәтижесінде тауардың сөрелерден жойылуына әкеп соқтырады. Әрине, біз бұған жол бере алмаймыз. Қазір жергілікті атқарушы органдар бұл мәселені пысықтауда, - деді ол.

Оның сөзінше, бағаны тұрақтандыруға қосымша бірқатар мемлекеттік қолдау шарасы көмектеседі.

Жұмыртқа бағасын төмендету үшін құс фабрикаларына Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қорларынан арзандатылған жемшөп астығы бөлінеді. Ұн тартушылар үшін белгіленген баға бойынша бүкіл ел бойынша нанның тұрақты бағасын белгілеу міндеттемесіне астық бөлінетін болады. Сондай-ақ, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 2 мың тонна тазартылмаған майды ең төменгі нарықтық бағамен сатады, - деп түсіндірді Сұлтанов.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының экспортын шектеу мәселесі қарастырылып жатыр. Соның ішінде, шетелге ірі қара мен ұсақ малдың тірі күйінде экспортын шектеу.

Сауда министрі атап өткендей, азық-түлік нарығындағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жүйелі шаралар ретінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру жөніндегі Жол картасында аграрлық өнеркәсіп кешенінің мемлекеттік қолдау тәсілдерін өзгерту көзделген.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өсіруге және қайта өңдеуге субсидиялар алу үшін қарсы міндеттемелер енгізілетін болады. Мысалы, қарақұмық өсіруді субсидиялау отандық кәсіпорындарға өңдеуге тапсырылған жарма тоннасына байланысты болады. Ал қайта өңдеушілерді субсидиялау өнімді ішкі нарыққа белгіленген тұрақты бағалар бойынша жеткізу міндеттемелері болған кезде ғана мүмкін болады, - дейді ведомство басшысы.

Ол жазбасында атап өткендей, «Айналым» схемасы арқылы, сондай-ақ өрістен сөреге дейінгі барлық тізбекті байланыстырады: бөлшек сауда желісіне жеңілдікпен несие беру арқасында ақша форвардтық сатып алу арқылы өндірушілерге тікелей түсуі тиіс. Осылайша, өндірушілерде ақша болады, ал сатушыларда қажетті өнімді белгіленген бағамен қажетті уақытта жеткізудің кепілі болады. 

Жақын арада «айналым» схемасын қаржыландыру көлемі 50 млрд-қа дейін жеткізілетін болады. Тауар өткізу жүйесін (өндірушіні, сауда желілері мен әкімдіктерді ақпаратты байланыстыратын) және «әлеуметтік әмиянды» іске қосумен бірге бұл жүйелік шаралар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының теңгерімді нарығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Бақыт Сұлтанов.


Өзгелердің жаңалығы