Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сауда ережесін бұзғандар жазаланып, азық-түлік арзандады

16 Мамыр 2025, 20:46
525
Бөлісу:

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Қостанай облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 2025 жылғы қаңтар мен мамыр аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру мақсатында жүйелі бақылау шараларын жүргізді. Нәтижесінде, шекті сауда үстемесін арттырған 67 заң бұзушылық фактісі тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әкімшілік жауапкершілікке тартылған 67 сауда субъектісі:

  • 40 субъектіге ескерту берілді;
  • 27 субъектіге жалпы сомасы 1 024 000 теңге көлемінде айыппұл салынды, оның ішінде:
  • 16 субъектіге ӘМАТ бойынша шекті сауда үстемесін арттырғаны үшін – 167 000 теңге;
  • 4 субъектіге баға белгілерін рәсімдеу тәртібін бұзғаны үшін – 857 000 теңге.

Бұдан бөлек, департамент тарапынан 15 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, сауда нысандарына барып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралардың нәтижесінде бірқатар заң бұзушылықтарды жою туралы міндетті нұсқамалар берілді.

Қабылданған шаралар өңірдегі бөлшек сауда бағасына оң әсерін тигізіп, әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік түрлерінің арзандауына себеп болды:

  • 1 сұрыпты ұн — 205 тг/кг-нан 184 тг/кг-ға дейін (-11,4%),
  • Күнбағыс майы — 1000 тг/дан 822 тг/данаға дейін (-21,6%),
  • Күріш — 600 тг/кг-нан 570 тг/кг-ға дейін (-5%),
  • Макарон өнімдері — 490 тг/кг-нан 350 тг/кг-ға дейін (-40%),
  • Қарақұмық — 300 тг/кг-нан 185 тг/кг-ға дейін (-62%),
  • Қант — 550 тг/кг-нан 470 тг/кг-ға дейін (-17%),
  • Картоп — 350 тг/кг-нан 305 тг/кг-ға дейін (-14%),
  • Сәбіз — 280 тг/кг-нан 190 тг/кг-ға дейін (-47%),
  • Қырыққабат — 330 тг/кг-нан 290 тг/кг-ға дейін (-13,7%).

Сонымен қатар, тұтынушыларға тауарды бағасыз сату немесе баға белгісінде көрсетілген құнға сәйкес келмейтін бағамен сату фактілері бойынша тағы 4 сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Егер дүкен сөрелерінде баға белгілері болмаған немесе ӘМАТ бойынша бағалар шектен тыс жоғары болған жағдайда«e-Оtinish» электрондық платформасы арқылы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне ресми түрде шағымдануға болады.

Өзгелердің жаңалығы