Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті.
Ол Қазақстанда Сауд Арабиясы капиталының үлесі бар 11 кәсіпорын жұмыс істейтінін және олар негізінен бөлшек саудада, ақпараттық коммуникация және мемлекеттік транзакциялар саласында екенін айтты.
Бүгінгі платформа – қос елдің арасында екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызды құралы. Ведомствоаралық комиссиямыздың төрағасы ретінде мен бұл жұмысты өте жақсы бағалаймын. Сауд Арабиясы Корольдігі – Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі. Біздің Мемлекет басшылары арасындағы өзара тығыз қарым-қатынас қос тарапқа да ынтымақтастық пен пайда табу үшін жақсы негіз болмақ. Біз екі мемлекеттің арасында тікелей байланыс орнаттық, - дейді министр.
Оның мәлімдеуінше, жаһандық экономикалық өзгерістерге байланысты Үкімет қабылдайтын барлық инвестициялық іс-шара жанданып жатыр.
Қолайлы инвестициялық жағдай жасау үшін заңға өзгерістер енгізілуде. Биыл елге инвестиция түрінде 19,5 млрд доллар тартылады деп үміттенеміз, сондай-ақ белгіленген активтердегі инвестиция үлесі 20 пайызға жетеді, - дейді Бақыт Сұлтанов.Министр 2025 жылға қарай елімізге тартылатын инвестициялар көлемі өсетінін айтты. Оның сөзінше, процес 2025 жылға дейін біртіндеп жүзеге асады.
2025 жылға қарай тікелей шетелдік инвестицияның жылдық көлемін 30 млрд долларға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Осы орайда бизнес-қоғамдастықты инвестициялық жобалар бойынша ынтымақтастық орнатуға шақырамын, - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Форум кезінде QazVac вакцинасының Сауд Арабиясында өндірілуі мүмкін екенін айтқан болатынбыз.