Сауд Арабиясы Ирактағы содырларды экспорттық бағытқа жасалған шабуылдарға қатысы бар деп айыптап, негізгі мұнай құбырын жапты. Бұл құбыр бұғатталған Ормуз бұғазын айналып өту үшін пайдаланылған.
Бұл туралы The Guardian хабарлады.
Әңгіме ұзындығы шамамен 1,2 мың шақырым болатын «Шығыс – Батыс» мұнай құбыры туралы болып отыр. Ол Парсы шығанағының жағалауындағы Абкайк қаласын Қызыл теңіздегі Янбу портынан байланыстырады. Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі Эр-Рияд пен Мәдина аймақтарындағы құбырға жасалған шабуылдарды айыптады. Құбырға Ирактан ұшырылған бірнеше дрон соққы жасап, нәтижесінде адамдар зардап шекті. Бұған дейін Сауд Арабиясы Энергетика министрлігінің өкілі SPA агенттігіне мұнай айдау жұмыстары «сақтық шарасы ретінде» тоқтатылғанын мәлімдеген.
АҚШ президенті Дональд Трамп Дублинде журналистерге берген сұхбатында шабуылдың артында Тегеран тұр деп санайтынын айтты. Сенбі күні Ирак билігі соққылардың өз аумағынан жасалғанын растады және шабуылдарды айыптап, тергеу жүргізуге тапсырма берді. Премьер-министр Әли әз-Заидидің кеңсесі Майсан провинциясының оңтүстігіндегі қолбасшының қызметінен босатылғанын хабарлады.
Бейсенбі күні түсірілген спутниктік суреттерде мұнай құбырының бағыты бойындағы Мәдина маңынан қара түтін байқалды. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, соғыс басталғалы Сауд Арабиясының Қызыл теңіздегі порт арқылы мұнай экспорты екі еседен астам өскен. Осы аптада мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асты, ал АҚШ-та дизель отынының орташа бағасы алғаш рет 6 долларға жетті. Осы жағдай аясында Йемендегі хуситтер Баб-эль-Мандеб бұғазындағы стратегиялық Перим аралын басып алып, Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды теңіз жолдарының біріне бақылауын күшейтті.
Бұған дейін АҚШ Қарулы күштері Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) басшысы адмирал Брэд Купердің Сауд Арабиясына шұғыл түрде ұшып кеткені хабарланған болатын. Оның сапарына Йемендегі хуситтердің Қызыл теңіз аймағында ілгерілеуі себеп болған.