Қазақстандағы «Юбилейный» әуежайы кешенді жаңғырту мен халықаралық авиация желісіне интеграциялауды қажет етеді. Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев осындай ұсынысын жария етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенатордың айтуынша, 1980 жылдары «Буран» бағдарламасы аясында салынған бұл әуежайдың инфрақұрылымы ерекше. Оның ұзындығы 4500 метр және ені 84 метр болатын ұшу-қону жолағы 392 тоннаға дейінгі ауыр жүк ұшақтарын қабылдай алады. Алайда, КСРО ыдырағаннан кейін әуежай қараусыз қалып, 2020 жылдан бері оның мәртебесі мен меншік иесі анықталмаған күйінде қалуда.
Егер «Юбилейный» аэродромы базасында ірі көліктік-жанармай құю кешенін дамытсақ болашақта осы өңірдің және тұтастай алғанда елдің экономикасына оң әсерін тигізетін хаб болады. Сонымен қатар, қазақстандық кіші авиацияны дамытуға өз септігін тигізері анық, – деді сенатор Сарыбаев.
Сенатор әуежайдың қазіргі проблемасын шешу және оның әлеуетін жүзеге асыру үшін бұл нысанды Қазақстан Республикасының коммуналдық меншігіне беру жөніндегі жұмыстар жүргізуді және нысанды бұзылудан әрі талан-таражға салудан қорғау мақсатында шұғыл шара қабылдауды ұсынды.
Ол үшін, «Юбилейный» аэродромын Қазақстан Республикасының коммуналдық меншігіне алу жөнінде тиісті жұмыс жүргізуді; жедел түрде талан-таражға, тонауға түспеу жағын қарастыруды; аэродромды пайдалану үшін негізгі инфрақұрылымдардың сақталуына байланысты, оны кезең-кезеңмен кеңейте отырып, қаржы қарастырып, халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес объектілердің жай-күйін бағалау бойынша іс-шаралар қабылдауды; жанармай құю кешенін әртүрлі типтегі ұшақтарға жанармай құю үшін заманауи станциялармен жабдықтай отырып, экологиялық қауіпсіз технологиялар арқылы халықаралық авиациялық отын жеткізушілерге қосылу жағын зерделеуді; аэродромның қолайлы географиялық және логистикалық орналасуын ескере отырып, өз ұшақтарына жанармай құюға мүдделі ірі инвесторларды тартуды сұраймыз, – деді сенатор.