- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Сәрсеновтер әулеті: білімге бастар жол
Сәрсеновтер әулеті: білімге бастар жол
Жақсы ұстаз – тек білім беруші емес, сонымен қатар тәрбиеші және бағыт беруші тұлға. Шалғай ауылдағы өте қарапайым, бірақ құндылықтары биік, қағидасы берік ұстаздар әулеті маман емес, адам тәрбилеуді мақсат еткен.
Бүгiн 2026, 01:19
Ұстаздық – екінің бірі таңдай бермейтін, үлкен жүректі, зор жауапкершілікті талап ететін мамандық. Ал оны ұрпақтан ұрпаққа жалғап, әулет кәсібіне айналдыру – сирек кездесетін құбылыс. Осындай өнегелі ұстаздар әулетінің өкілі – Түлкібас ауданы Түлкібас кентіндегі Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің мұғалімі Сәрсенов Марс Тазабайұлымен BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасып қайтты.
– Марс Тазабайұлы, ұстаздық жолды таңдауыңызға не себеп болды?
– Ұстаздық – мен үшін жай ғана кәсіп емес, өмірлік жол. Бұл мамандықты мен саналы түрде таңдадым десем де, оның түп-тамыры отбасымда жатыр. Әкем Сәрсен өткен ғасырдың 50–60 жылдары бастауыш сынып мұғалімі болды. Оның еңбегін, балаға деген жанашырлығын көріп өстім. Сол себепті ұстаздық менің қаныма сіңген мамандық деп білемін.
– Білім саласындағы еңбек жолыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– Білім саласында еңбек етіп келе жатқаныма 30 жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде түрлі буын шәкірттермен жұмыс істедім. Әр кезеңнің өз ерекшелігі бар, бірақ мақсат бір – сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Қазіргі таңда Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте география пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарамын. Педагог-сарапшы санатым бар.
Отбасындағы ұстаздық сабақтастық
– Сіздің отбасыңызда ұстаздық дәстүр қалай жалғасып келеді?

– Біздің отбасымызда ұстаздық – өмір салтына айналған. Жұбайым Пірниязова Бахтигүл Құлтановна – математика пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші, 33 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз. Қыздарым ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері болып еңбек етуде. Ұлым да ұстаздық жолды таңдады. Біз ешқашан балаға мына мамандықты таңдайсың деп шарт қойған емеспіз. Ұл да, қыздар да отбасындағы дәстүр бойынша осы ұстаздық жолда жүр. Тіпті, жұбайымның анасы да математика пәнінің мұғалімі болған. Яғни, бұл тек бір буынның емес, бірнеше ұрпақтың таңдауы.
Шәкірт жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі
– Шәкірттеріңіздің жетістіктері туралы не айтасыз?
– Ұстаз үшін ең үлкен қуаныш – шәкіртінің жетістігі. Жыл сайын ҰБТ-ға жүздеген оқушыны жеке дайындаймын. Соның нәтижесінде көптеген оқушылар жоғары нәтиже көрсетіп, білім гранттарын иеленіп жатады. Шәкірттерімнің арасында облыстық олимпиада жеңімпаздары бар. Сонымен қатар, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының, соның ішінде ҚазҰУ-дың грант иегерлері де аз емес. Бұл – ұстаз еңбегінің ақталғанының белгісі.
Қарапайымдылық – өмірлік ұстаным
– Өмірлік қағидатыңыз қандай? Жұрт сіздерді "сыпайы мұғалімдер" деп атайды. Мұның сыры неде?
– Қанша жетістікке жетсең де, қарапайымдылықты жоғалтпау керек. Сыпайылық, сыйластық – бала тәрбиесімен айналысатын әрбір адамға керек қасиет. Себебі ол тек баламен емес, бүт қоғаммен, елмен аралас, ел алдындағы адам.
Біз өзімізді ешқашан өзгеден жоғары қоймаймыз. Ұстаз үшін ең бастысы – адамгершілік пен кішіпейілділік. Осы қасиеттерді шәкірт бойына да сіңіруге тырысамыз. Мұғалім ретінде де айғай-шумен, қорқыту, кемсіту, төмендету тактикасымен емес, баланың қызығушылығын танып, сырлас, пікірлес болып, жақсы орта қалыптастыруды тәжірибеге енгізсе, оқушы да, мұғалім де оң нәтижеге жылдам қол жеткізеді.
Ұстаздық – жан қалауы
– Кейбіреулер ұстаздықты тек тұрақты жұмыс деп қабылдайды. Сіз үшін бұл мамандықтың мәні қандай?
– Ұстаздықты тек айлық жалақы алу үшін істейтін жұмыс деп ешқашан қарастырған емеспін. Бұл – жүрек қалауымен таңдалған жол. Әр сабаққа үлкен жауапкершілікпен қараймын. Себебі әрбір айтылған сөз, берілген білім – баланың болашағына әсер етеді.
Шәкіртке – құрмет пен мейірім
– Оқушылармен қарым-қатынасыңыз қандай қағидаттарға негізделген?
– Әр бала – жеке тұлға. Сондықтан оларға құрметпен қарап, түсіністік таныту қажет. Шәкіртке ешқашан ауыр сөз айтуға болмайды деп есептеймін. Керісінше, қолдап, жігерлендіріп отыру керек. Сонда ғана бала өзіне сенімді болып өседі.
Жас мамандарға бағыт-бағдар
– Жас ұстаздарға қандай қолдау көрсетесіз?
– Қазіргі жастардың білімге, ізденіске деген құлшынысы қуантады. Біз, тәжірибелі ұстаздар, оларға бағыт-бағдар беріп, тәжірибемізбен бөлісуіміз керек. Әріптес жастарға қолдау көрсету – ортақ міндетіміз. Жаңа технология оқу прцесіне дендеп еніп, жастардың жалыны жеделдікті, жан-жақтылықты көрсеткенімен, мойындау керек, тәжірибелі мұғалімдердің ақыл-кеңесі, педагогикалық ұстанымы әрдайым керек. Біз осы бағытта жас буынға жанашырлық танытудан ешқашан қашпаймыз.
Ұстаздықтың ұлылығы
– Ұстаздық мамандықтың қоғамдағы орны туралы не айтасыз?
– Ұстаздық – ең қадірлі мамандықтардың бірі. Себебі біз елдің ертеңін тәрбиелейміз. Сондықтан бұл жолда адал еңбек етіп, шәкірт сенімін ақтау – басты міндет.
Осындай ұстаздар әулеті – қоғамның рухани тірегі. Сәрсеновтер әулетінің өнегелі жолы – жас ұрпаққа үлгі, ұстаздықтың ұлылығын дәлелдейтін жарқын мысал.
Ең оқылған:
- Алматы облысында 14 жастағы қыз жоғалып кетті
- Ұстаздар әулеті: Бір ананың жолын жалғаған білім шырақшылары
- Асханадағы жанжал: Талдықорғанда әйел адам пышақ жарақатынан көз жұмды
- Африкада аңшылыққа шыққан америкалық миллионерді пілдер таптап өлтірді
- Ақ үйдегі атыс: Күдікті Трамп әкімшілігіне шабуыл жасауды жоспарлағанын мойындады