Бүгін Павлодар қаласында «Жаңартылған Конституция – тұрақты дамудың негізі» тақырыбында сарапшылар форумы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараның мақсаты – жаңартылған Конституция ережелерін жан-жақты сараптамалық талқылау, оны практикалық тұрғыда іске асыру бойынша кәсіби ұсыныстар әзірлеу және конституциялық реформаларды қолдауға бағытталған сарапшылар қауымдастығының ортақ ұстанымын қалыптастыру.
Форум аясында саясат, мемлекеттік басқару және білім беру салаларының мамандары, партия өкілдері мен ғылыми қауымдастық өкілдері сөз сөйледі.
Қатысушылар конституциялық реформалардың елдің ұзақ мерзімді дамуына ықпалы, қоғамдық-саяси үдерістердегі рөлі және конституциялық нормаларды тиімді қолдану тетіктерін талқылады.
«Ауыл» партиясы Орталық аппараты басшысының орынбасары Нұрхат Ораш өз сөзінде жаңа Конституция жобасы елдің ұзақ мерзімді даму бағдарларын айқындайтын стратегиялық құжат екенін атап өтті. Ол ұсынылып отырған өзгерістер қоғамның әділдікке деген сұранысын, билік жауапкершілігін арттыруды және мемлекеттің құқықтық негіздерін нығайтуды көрсететінін, сондай-ақ заманауи әрі тұрақты саяси жүйені қалыптастыруға бағытталғанын жеткізді.
Ұсынылып отырған реформалар ең алдымен халық мүддесін қорғауға, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға және жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар олар елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырып, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға және неғұрлым жауапты әрі ашық басқару моделін орнықтыруға мүмкіндік береді, – деді Н. Ораш.
ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Ауыл» партиясы фракциясы аппаратының жетекшісі Жазира Сұлтанқұлова «Ауыл» партиясы жаңа Конституция жобасын толық әрі сөзсіз қолдайтынын, оны елдің саяси және қоғамдық дамуы жолындағы аса маңызды қадам ретінде қарастыратынын атап өтті.
Еліміздің жаңа Негізгі заңының жобасы азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және жетекші сарапшылардан түскен ұсыныстарды жан-жақты талдау негізінде, сондай-ақ ашық қоғамдық талқылаулардың нәтижелері мен жаңа нормалар мен ережелерді егжей-тегжейлі пысықтауды ескере отырып әзірленді, – деді Ж. Сұлтанқұлова.
Торайғыров университетінің Стратегиялық даму, халықаралық ынтымақтастық және цифрландыру жөніндегі Басқарма мүшесі – проректор Салтанат Аубакирова академиялық орта үшін құқықтық жаңғырумен қатар жастардың заңға құрметін және азаматтық жауапкершілігін қалыптастырудың маңызы зор екенін айтты.
Оның пікірінше, жаңартылған конституциялық бағдарлар жоғары оқу орындарындағы білім беру және ағартушылық жұмысты күшейтуге, елдің жас буынын жасампаздық құндылықтарға бағыттауға мүмкіндік береді.
Саясаттанушы Борис Поломарчук ұсынылып отырған өзгерістер саяси жүйенің эволюциялық дамуын көрсететінін және билік институттарының ашықтығын арттыруға, қоғамның шешім қабылдау үдерістеріне қатысу аясын кеңейтуге бағытталғанын жеткізді. Ол мұндай қадамдар мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Сарапшы-саясаттанушы Еламан Елемес жаңартылған партиялық жүйеге көшу мен Парламенттің жаңа құрылымы елдің саяси мәдениетін жаңа деңгейге көтеретінін айтты. Сонымен қатар Негізгі заңға өзгерістерді тек жалпыхалықтық референдум арқылы енгізу нормасы мемлекеттің тұрақтылығының ең жоғары кепілі екені ерекше аталды.
Баяндамалардан кейін кәсіби пікір алмасуға және ұсыныстар әзірлеуге бағытталған сараптамалық талқылау сессиясы өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар бірауыздан жаңа Конституция – қауіпсіз, таза әрі әділетті мемлекет құрудың берік іргетасын қалайтын стратегиялық таңдау деген тұжырымға келді.
Сарапшылар форумы мазмұнды ұсыныстар әзірлеуге, кәсіби диалогты дамытуға және мемлекеттің орнықты даму бағытын қолдауды нығайтуға ықпал еткен маңызды алаңға айналды.