Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің ғылыми қызметкері Жасұланбек Майлыбай еліміздің тәуелсіздігіне және оның тұрақтылығына қатысты өз пікірін білдірді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елді терең кризистен алып шығу үшін экономикалық дамуды қамтамасыз етуге басымдық берілді. Уақыт өте келе дамудың белгілі бір межесіне иек артқан мемлекетіміз мәдениет саласына мән бере бастады. Бұл бағытта қолға алынған мемлекеттік саясат – егемен еліміздің тұрақты дамуының көрсеткішіне айналды. Осыдан тәуелсіздік Қазақстанның экономикалық ғана емес, мәдени дамуының да кепілі болғанын көре аламыз, - дейді ол.
Оның ойынша, мәдениет саласындағы іргелі бетбұрыс – ұлттық тарихи-мәдени мұрамызды жинақтауға, сақтауға әрі зерделеуге бағытталған "Мәдени мұра" стратегиялық ұлттық жобасы болды.
Аталған жоба тарихи әрі мәдени құндылықтарымызды жинақтап қана қоймай, оны ұлттық және халықаралық деңгейде насихаттауға, сәулет ескерткіштерін қайта жаңғыртуға, халықты әлемдiк ғылыми, көркем ой қазыналарының озық үлгілерімен таныстыруға, мәдени туризмді дамытуға бағытталды. Жоба аясында 78 құнды тарихи-мәдени ескерткішке реставрация жасалып, 40 археологиялық зерттеу жүргізілді. АҚШ, Батыс Еуропа, Жапония, Қытай, Түркия, Египет сияқты бірнеше елге ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. 350-ден астам кітап, атап айтсақ, тарих, этнография, археология және көркем әдебиет бойынша құнды сериалар жарық көрді, - дейді Жасұланбек Майлыбай.
Оның пайымдауынша, тарихи-мәдени мұра ұлттың жаңғыруына қызмет етуі керек. Осы ұстанымды бекіткен құжат – Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы болды. Мұнда бәсекеге қабілетті біртұтас ұлт қалыптастыру үшін сананы жаңғырту керек екені айтылды. Мақалаға орай еліміздің рухани құндылықтарын, киелі жерлерін, жас табысты, өнерлі есімдерін айқындау жұмыстары кешенді қолға алына бастады. Қазіргі таңда қоғамдық әрі гуманитарлық ғылымдар бойынша әлемдік ең озық еңбектер қазақ тіліне сәтті аударылуда.
Елбасы 2018 жылы тарих пен мәдениетке қатысты "Ұлы даланың жеті қыры" атты тағы бір маңызды мақаласын жариялады. Онда осы ұлы далаға иелік еткен көшпенді өркениеттің әлем тарихындағы орны сараланып, оның мұрагері саналатын қазақ елінің болашақ мәдени бағдарын айқындады. Елбасы адамзаттың дамуына елеулі үлес болып қосылған атқа міну мәдениеті, ежелгі металлургия, аң стилі мен алтын адам туралы дәйекті ойларын жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстанның архив, музей, музыка, фольклор, кино, телевизия саласындағы басым бағыттарын белгіледі. "Мәңгілік Ел" болу миссиясы осылай мыңдаған жылдық тарихқа терең бойлап, оны жіті зерделеп, болашаққа қызмет етуге жұмылдырған жағдайда ғана өз мазмұнын сақтап отырмақ, - дейді сарапшы.
Жасұланбек Майлыбаевтың сөзіне қарағанда, мәдениет саласының дамуының айқын көрсеткіші мәдени-ағарту ошақтарының қызметімен тікелей байланысты.
Тәуелсіздік таңы атқан қиын кезең еліміздегі көптеген кітапхана, музей, театрдың жабылуына әкеліп соқтырды. Дегенмен, Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік әлеуетінің артуы аталған ошақтардың қайта жандануына, тіпті санының артуына себепші болды. Мысалы, 2006 жылы республика бойынша 3848 кітапхана тіркелсе, 2018 жылы олардың саны 4 054-ке жетті. Осы уақыт аралығында оқырман саны 1 миллион адамға өсті. Осындай жағымды тенденция музей мен театр нысандарына қатысты да байқалады. Еліміздегі музей саны 2001 жылы 103-тен 2018 жылы 245-ке жеткен болса, осы аралықта 24 жаңа театр бойы көтерген. Бұл көрсеткіштердің барлығы еліміздегі мәдениет саласының тұрақты дамып келе жатқанын дәлелдейді, - дейді ол.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың қызметке келуімен бұл бағыттағы сабақтастық сақталды. Президент келер жылдан бастап мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы көбейетінін, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет өкілдеріне де берілетінін жеткізді. Бұл – мәдениет саласының дамуына серпін беретін маңызды шешім деп білеміз.
Тәуелсіздік жылдары ұлы тұлғаларымыз ұлықталып, ұлтымыз үшін маңызды тарихи оқиғаларға айрықша мән беріле бастағанын айта кеткен жөн. Нақтылар болсақ, ЮНЕСКО көлемінде ондаған даңқты тұлғамыздың мерейтойы аталып өтті. Қазақ хандығына 550 жыл, биыл Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толғанын ел болып тойладық. Келер жылы данышпан Абайдың туғанына 175 жыл, шығыс ғұламасы әл-Фарабидің дүниеге келгеніне 1150 жыл толады. Осыған орай, мемлекет көлемінде, тіпті халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар өтпек. Бұл шаралар ұлттық санамызды байытып, рухани дамуымызға оң ықпал ететіні сөзсіз, - дейді Жасұланбек Майлыбаев.
Әлемдік практика тарихи-мәдени мұралардың экономикалық өсім мен дамудың қосалқы қозғаушы күшіне айнала алатынын көрсетті.
Алдағы уақытта ұлттық мұралардың мәдени маңызына мән берумен қатар экономикалық құндылығына да назар аударған орынды. Сондай-ақ, заман талабына сай мәдени мұраларды цифрлау арқылы сақтау, олардың көпшілікке қолжетімділігін қамтамасыз ету шараларына да қажеттілік туындап отырғанын байқаймыз. Қалай болғанда да, мәдениет саласындағы мемлекеттік саясат қоғам сұранысы мен уақыт тенденцияларын есепке алып дами бермек, - дейді сарапшы.