Су ресурстары және ирригация министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаменті басқармасының бас сарапшысы Бибарыс Данабаев Қазақстан мен Қытай арасындағы су қатынастарына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы су қатынастары Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісіммен реттеледі.
Аталған келісімді іске асыру мақсатында Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі қазақ-қытай Бірлескен комиссиясы және Сарапшылар жұмыс тобы тұрақты түрде жұмыс атқарады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі мен Қытай Халық Республикасы Су шаруашылығы министрінің кездесуі нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау мақсатында, 2025 жылғы 18 наурызда Бейжін қаласында (ҚХР) өткен Қазақстан-Қытай Ынтымақтастық жөніндегі комитетінің 12-отырысы аясында "Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Су шаруашылығы министрлігі арасындағы су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға" қол қойылды, - деп тоқталды бас сарапшы.
Аталған меморандум суды үнемді және тұрақты пайдалану, су пайдаланудың зияткерлік технологиялары, сондай-ақ тәжірибе алмасу және кадрларды даярлау мәселелерін қамтиды. Сондай-ақ Қытай Халық Республикасымен су ресурстары саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін болады.
Сонымен қатар "Қазсушар" РМК мен Power China International компаниясы арасында 2024 жылғы 17 шілдеде қол қойылған өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумды іске асыру аясында, Қытай Халық Республикасында су шаруашылығы саласындағы қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылды. Жалпы саны 120 қазақстандық маманды оқыту жоспарланған. Бүгінгі күні алғашқы екі топ оқу курстарын аяқтап, тиісті сертификаттарын алды, - деді Бибарыс Данабаев.
Сондай-ақ биыл Су ресурстары және ирригация министрлігі Power China International компаниясының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Кездесулердің нәтижелеріне сәйкес су саласындаының оқыту курстары 2026 жылы да жалғастыру жоспарланып отырғаны белгілі болды.
Еске салайық, бүгін елордада "Орталық Азия-Қытай" екінші саммиті өтті. Саммит аясында бірқатар келісімдерге қол қойылды.