S&P Global Ratings агенттігінің Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB-»-тен «BBB»-ге көтеруі – шетелдік инвесторлар үшін жағымды белгі әрі олардың елге деген сенімінің артқанын көрсетеді. Бұл туралы сарапшы Расул Рысмамбетов айтты.
Біз бұл деңгейге 2016 жылдан бері алғаш рет қайта оралдық. BBB – мемлекеттің өз міндеттемелеріне уақытылы қызмет көрсете алу қабілетінің бағасы. Тәуелсіз рейтингтің жоғарылауы Қазақстанда айтарлықтай «қауіпсіздік қоры» бар екенін растайды. Оған елеулі валюталық және фискалдық резервтер, салыстырмалы түрде төмен мемлекеттік қарыз және сыртқы кредитор ретіндегі берік ұстаным жатады. Рейтингтің мұндай көтерілуі мемлекет үшін ғана емес, квазимемлекеттік компаниялар мен банктер үшін де сыртқы қарыз алу құнын төмендетуі мүмкін. Әлеуетті инвесторлар үшін картадағы нүктеміз жасыл түспен жанды, – деді сарапшы.
S&P бағалауынша, Қазақстан экономикасы 2026 жылы 5,1%-ға өсуі мүмкін. Ал орта мерзімді кезеңде еліміз мұнай өндіруші мемлекеттер арасында салыстырмалы түрде жоғары өсу қарқынын сақтайды.
Агенттік рейтингтің көтерілуіне әсер еткен факторлардың бірі ретінде экономиканы әртараптандыру мен ауқымды инвестициялық бағдарламаны атап көрсетеді. Атап айтқанда, «Бәйтерек» холдингінің қатысуымен шикізатты өңдеу мен инфрақұрылымды дамыту инвестиция көлемін ЖІӨ-нің 30%-ына дейін арттыруы мүмкін.
Расул Рысмамбетовтің айтуынша, ендігі міндет – инвестиция көлемін жай ғана арттыру емес, жобаларды сапалы іріктеу, өнімділікті көтеру және жеке капиталдың рөлін күшейту.
Рейтинг агенттігінің әдістемесі бойынша бұл біздің реформаларымыз экономиканың тұрақтылығына оң әсер еткенін білдіреді. S&P рейтингке берген түсіндірмесінде осының бәрін сипаттап, растап отыр, – деп түйіндеді Расул Рысмамбетов.