Сарапшы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының негізгі бағыттарын атады

29 Қараша 2024, 11:22
645
Бөлісу:
Сарапшы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының негізгі бағыттарын атады
Фото: BAQ.KZ -архив

ҚР ҰҒА академигі, социология ғылымдарының докторы, профессор Зарема Шаукенова Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Достық социологиясы

Сарапшының сөзіне, достық қарым-қатынасты орната білу, әсіресе мемлекеттер мен олардың басшылары үшін өте маңызды. Өткен ғасырдың 70-жылдары қазіргі әлеуметтану ғылымында достық феноменін кең әлеуметтік контексте қарастыратын зерттеу бағыты қалыптасқан.

Достық әлеуметтануы – достықты тек өзара симпатия мен ортақ мүдделерге негізделген тұрақты, адал қарым-қатынас ретінде ғана емес, сонымен бірге ерекше бейресми әлеуметтік институт ретінде зерттейтін әлеуметтік білім саласы. Әлеуметтанушылар үшін достық қоғам өміріндегі негізгі “құрылымдық элементтердің” бірі ретінде қарастырылады: ол “әлеуметтік байланыстарды” нығайтып, әлеуметтік бөлініске әкелетін теріс үрдістерге қарсы тұрады. Көптеген әлеуметтанушы достықтың әлеуметтік бірлік пен ынтымақтастықты күшейтуге қосқан үлесін атап өтеді: мұндай жағдайда достық қарым-қатынастар әлеуметтік топтардың әртүрлі өкілдері арасындағы белсенді өзара әрекеттестіктер арқылы теріс стереотиптерді, алдын ала ойлар мен қорқыныштарды, бір-біріне деген сенімсіздікті азайтуға ықпал ететін өзіндік “әлеуметтік желім” қызметін атқарады, - дейді Зарема Шаукенова.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин осы күндері елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Экономикалық ынтымақтастық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапары барысында екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және оның оң серпінін тағы бір мәрте атап өтті. Бұл ынтымақтастық іс жүзінде барлық негізгі салалар мен секторларда байқалып жатыр. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы тауар айналымының өсуін, инвестициялық ынтымақтастықтың жандануын және Қазақстандағы қатысы бар ресейлік компаниялардың санының артып, 23 мыңға жеткенін атап өтті.

Экономикалық ынтымақтастық көрсеткіштерінің аталған өсуі ерекше сипатқа ие екенін айта кету керек. Біріншіден, бұл өсім 2022 жылы үшінші елдер енгізген бұрын-соңды болмаған шектеулер аясында байқалса, екіншіден, осы өсім екіжақты қатынастар тарихындағы рекордтық көрсеткіштерге жеткізді. Атап айтқанда, 2022-2023 жылдары тауар айналымының рекордтық көрсеткіштері тіркелді – Қазақстанның Ресейге экспорты жылына шамамен 27 млрд АҚШ доллары болса, былтырғы жылы 10 млрд АҚШ долларынан асып түсті, ал 2023 жылы Қазақстанға ресейлік тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 3 млрд АҚШ долларынан асты. Сонымен қатар басқа да маңызды көрсеткіштер байқалды.

Бұл көрсеткіштер өзара экономикалық мүдделерге, тарихи қалыптасқан байланыстарға, сондай-ақ соңғы жылдары қабылданған өзара тиімді ынтымақтастықты ынталандыруға арналған әртүрлі құжаттар кешеніне негізделген. Қазақстан Президенті бес жыл бойы жүзеге асырылып келе жатқан және бірқатар басым салаларда, соның ішінде ең алдымен, мұнай-химиядан бастап машина жасауға дейінгі өңдеу өнеркәсібінде ынтымақтастықты дамытуға ықпал еткен Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимылдар бағдарламасының жоғары рөлін атап өтті. Бұл бағдарлама 93 бірлескен жобаны іске қосуға және 22 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Қазақстан экономикасына инвестиция салушы ретінде Ресей дәл осы елдің өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялардың жоғары деңгейімен ерекшеленеді, бұл сала Қазақстан экономикасы үшін басымдыққа ие болып табылатындығын айта кету керек, - дейді Шаукенова.

Бұл салада ресейлік жинақталған инвестициялардың 29%-ы шоғырланған, бұл олардың ең жоғары үлесі. Өңдеу өнеркәсібіне бағытталуы Ресейдің басқа ірі шетелдік инвесторлардан ерекшелігін көрсетеді, себебі олардың мүдделері негізінен кен өндіру салаларына шоғырланған. Осылайша, өнеркәсіптік кооперация саласындағы екіжақты ынтымақтастық шынымен де тиімді жұмыс істеп, нақты жүзеге асырылып жатыр. Бұл, атап айтқанда, Мемлекет басшысы атап өткен полипропилен өндіретін зауыт (“Сибур” компаниясының қатысуымен), бутадиен өндіру жобасы және автокөлік шиналарын шығаратын зауыт (“Татнефть” компаниясымен бірге), машина жасау өндірісі (“КамАЗ” компаниясымен бірлесіп), минералды тыңайтқыштар өндіру жобалары (“Еврохим” компаниясымен бірге) және басқа да көптеген жобада көрініс табады.

Әрине, Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі – мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық жалғасуда және белсенді түрде дамып келеді. Бұл жағдайда ынтымақтастық тек қана тереңдеп қана қоймайды – жаңа кен орындарын ресейлік серіктестермен (әсіресе, “Лукойл” компаниясымен бірге Қаламқас-теңіз – Хазар кен орнында) игеру арқылы, сонымен қатар жаңа бағыттар есебінен кеңеюде. Осындай жаңа бағыттардың бірі – газ саласындағы ынтымақтастықты жандандыру, оның ішінде, Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстан мен Қырғызстанға Ресей газының транзитіне қатысты жаңа бағыттарды игеру. Энергетика саласындағы ынтымақтастық сондай-ақ электр энергетикасы арқылы дамып келеді (Қазақстанның Ресейден электр энергиясын сатып алу көлемінің артуы есебінен) және ресейлік қатысуымен энергетикалық инфрақұрылымның жаңа нысандарын салу арқылы кеңеюде, - деді ол.

Шаукенованың ойынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастық қазіргі уақытта қосымша серпін алып, белсенді жүзеге асып келеді. Бұл Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Бірлескен мәлімдемесінде ерекше атап өтілген.

Аталған мәлімдемеде экономикалық ынтымақтастыққа арналған бөлімнің ең ірі болып табылатынын атап өтуге болады. Ол 16 тармақты қамтиды және екіжақты қарым-қатынастар мен экономикалық саладағы жобалардың кең ауқымын ғана емес, сонымен қатар халықаралық күн тәртібінің көптеген өзекті мәселелерін де қамтиды. Ресей Президентінің мемлекеттік сапарының нәтижелері мен оның аясында қол жеткізілген келісімдер екіжақты экономикалық ынтымақтастыққа жаңа серпін береді, сондай-ақ бірқатар кең ауқымды мәселелерді шешуге ықпал ететіндігі анық. Сауда-экономикалық байланыстардың одан әрі қарқын ала түсуін, өндірістік және ауыл шаруашылық кооперациясының жандануын, көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықтың күшеюін, газ саласының бірлескен дамуының жаңа деңгейге көтерілуін, арадағы туристердің артуын күтуге болады. Сонымен қатар екі ел президенттерінің бірлескен мәлімдемесі ЕАЭО-дан бастап Халықаралық көлік форумы, темір жолдар ынтымақтастығы ұйымы және басқа да халықаралық форумдар сияқты түрлі форматтағы көпжақты ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты жандандырудың негізін қалады. Осылайша, екі мемлекеттің басшыларының сапары мен келіссөздерін әлемдік экономиканың және халықаралық ынтымақтастық форматтарының өзекті күн тәртібін қалыптастыруға ықпал етуші оқиға ретінде сипаттауға болады, - деп түсіндірді академик.

Зарема Шаукенова қазіргі заман және постқазіргі заман дәуірінде әлеуметтік өмір қарқынының жеделдеуі, урбанизация үдерістері мен дәстүрлі туыстық байланыстардың ыдырауы әсерінен “шынайы” достық қарым-қатынастардың дағдарысқа ұшырауы туралы әңгіме қозғалғанын айтты.

Дегенмен, жаңа өмір сүру жағдайында заманауи адамның өзіне ұнайтын адамдармен жылы қарым-қатынасқа деген қажеттілігін жойған жоқ; керісінше, атомизацияланған қоғамда достық байланыстар ерекше құндылыққа ие болды. Ал Аристотель атап көрсеткен саяси достық феномені қазіргі заманғы саяси теория мен тәжірибе үшін өзектілігін сақтап, сұранысқа ие құбылысқа айналды.

Өзгелердің жаңалығы