Сарапшы: Қазақстан Еуразияда инвестиция салуға ең қолайлы ТОП-10 ел қатарына кіреді

3 Қаңтар 2024, 20:58
782
Бөлісу:
Сарапшы: Қазақстан Еуразияда инвестиция салуға ең қолайлы ТОП-10 ел қатарына кіреді
Фото: facebook.com/aybarolzhayev

Қаржы саласының маманы, экономист, журналист Айбар Олжаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Олжаевтың сөзінше, Президенттің сұхбатының екі тарауы отандық экономикаға қатысты. Ол 2023 жылы экономикалық өсім шамамен 5 пайызды құрағанын, 2024 жылы кем дегенде 6% өсімге кетуіміз керек екенін айтып өтті.

Мемлекет басшысы программалық, көлемді сұхбат берді. Оның екі тарауы отандық экономикаға қатысты. Мұндағы ең басты мәселе, 2029 жылы біз өзіміздің стратегиялық мақсатымыз - 450 миллиард долларлық ішкі жалпы өнімге жете аламыз ба? Әу бастағы есеп бойынша, мұндай мақсатқа жету үшін біздің жыл сайынғы экономикалық өсім 5 пайыздан кем болмауы тиіс. 2023 жылы шамамен 5 пайыз өсімді қамтамасыз еттік. Бірақ онда 2024 жылы кем дегенде 6% өсімге кету керекпіз, - деді ол.

Қаржы сарапшысы Президент Үкіметтің қолына барлық қажетті құралдар мен өкілеттілік берілгенін және Үкіметке сенетінін айтқанын атап өтті.

Әрине, бұл – жетуге болатын меже. Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2023 жыл­дың қорытындысы бойынша Қазақ­станның Ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асады, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артады деп бағалап отыр. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары ақшалай өсім. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім де өсіп келеді. Бұған қатысты болжамды көрсеткіш былтыр 13 мың долларға жуықтады,  - деді Мемлекет басшысы. 

Бұл ретте Айбар Олжаев отандық экономиканы фундаменталды өсірудің екі тетігі ғана бар екенін, екеуін де Тоқаев жақсы біліп отырғанын айтты.

Менің ойымша, бұл ретте сатып алу қабілеті паритетінің курсаралық қайта есептеудің арқасында біздің жаққа ойнағанын ескеру керек. Мұнайдың құбылып тұратын бағасы біздің экономикалық өсімнің драйвері саналатыны өте қауіпті әрі бұл уақытша дүние. Отандық экономиканы фундаменталды өсірудің екі тетігі ғана бар. Президент оларды біліп отыр. Біріншісі - өндірісті көбейту. Зауыт көбейген сайын, біз мұнайға деген тәуелділіктен алыстай бастаймыз. Екіншісі - сол зауытты салуға келетін, жаңа технологиясы мен ақшасын әкелетін инвестор. Осы екі тетік қосарлана жүреді, - деді Олжаев.

Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл штабқа еліміздегі инвес­тициялық ахуалды жақсарту және инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін ауқымды өкілеттік берілген, - деп түсіндіреді Мемлекет басшысы.

Журналист өз сөзінде Қазақстан 2024 жылы Еуразия құрлығы бойынша инвестиция салуға ең қолайлы ТОП-10 елдің қатарына кіруі үшін бірнеше өзгеріс енгізу керегін айтты. 

Енді инвесторлар не алады? Бастысы, инвестициялардың қорғалуына берілетін мемлекеттік гарантия. Ол үшін еліміз рейдерлікті түп-тамырымен жояды. Екіншісі - түсінікті және қолайлы заңнама. Ол Салық Кодексінің жаңаруы, инвесторларды қорғау мен қолдауға арналған баптардың бірнеше заңға толықтыру ретінде енгізілуі. Осы екі өзгеріс бар, және Қазақстанның "ВВВ" деңгейіндегі суверенді инвестициялық рейтингі бар, Астанада Британ правосымен жұмыс істейтін халықаралық арбитражды сот бар, барлығын қоссақ - Қазақстан 2024 жылы Еуразия құрлығы бойынша инвестиция салуға ең қолайлы ТОП-10 елдің қатарына кіретіні сөзсіз. Біздің меже - биыл 50 миллиард доллар инвестиция тарту. Осыны іске асырған кезде, қазақ елін енді ешкім тоқтата алмайды, - деді экономист.

Олжаев айтып өткендей, Президент біздің биылғы экономикалық стратегиямызды мына абзацпен нақты түсіндіреді.

Әлемдегі эко­номикалық ахуал біздің елге де салқынын тигізетіні сөзсіз. Алайда кез келген қиындық жаңа мүмкіндікке жол ашады. Үкіметтің жел қайдан соқса да желкенді өзіне оңтайлы бұра алатындай, жан-жақты ойластырған жоспары болуға тиіс. Экономиканың өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформалар қатар жүруі керек. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау, әділ сот төрелігі болуы өте маңызды. Сонда ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз", - деді Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы