Сарапшы отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты заң не үшін қажет екенін айтты

2 Қыркүйек 2022, 16:04
1443
Бөлісу:
Сарапшы отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты заң не үшін қажет екенін айтты

 Қазыбек Дәуітәлиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент жолдауында көтерілген айрықша мәселелердің бірі адам құқығының қорғалуына бағытталып отыр. Әсіресе отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы Қазақстан үшін түйіні шешілмей тұрған өзекті мәселе. Былтыр «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» заңы қоғам талқысына түсіп, қайшылықтары көп болғандықтан, қабылдануы кейінге қалған еді, – деді Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының оқытушысы.

Қазыбек Дәуітәлиевтің айтуынша, зорлық-зомбылық сипаттағы қылмыстардың 6-7 пайызы отбасында жасалады. БҰҰ-ның статистикалық мәліметіне жүгінсек, жыл сайын 3,5 млн адам отбасында болатын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Оның 1,8 миллионы – әйел қауымы, ал 90 пайызында зардап шегуші тарап – әйелдер. 

Сондықтан да бұл заңның көтеріп отырған мақсаты – қоғамның әлеуметтік әлсіз тобын, яғни әйелдер, жасөспірімдер мен қарт ата-аналарды қорғау.
Зорлық-зомбылық сипатындағы құқық бұзушылықтар отандық заңнамада, айталық Қылмыстық кодексте, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте бұрыннан анықталып қойған. Сондықтан бұл заңның атқаратын қызметі бөлек, ол – тұрмыста орын алатын зорлық-зомбылықтың жолын кесуге бағытталған кешенді құқықтық механизм. Сондай-ақ Еуропа елдерінің статистикасына қарасақ, педофилдіктің 30 пайызы – отбасы мүшелерінің, 40 пайызы туысқандары тарапынан орын алады. Бұл осы тұрғыдан келгенде өте қажет заң, – деді Қазыбек Дәуітәлиев.

Сарапшы бұл заңды қабылдау бірқатар теориялық сұрақтарды дұрыс шешуді талап ететінін атап өтті. 

Біздің қоғамды ұстап тұрған – отбасы институты. Баланың отбасында өмір сүруге құқығы бар. Конституцияда «отбасы мен неке, әке мен ана және балалар мемлекет қорғауында болады» делінген. Алайда заң жобасында «жыныстық бостандық» ұғымы абсолюттендірілуі себепті бұл отбасы құндылығына салқынын тигізуі ықтимал. Адам құқығының мемлекет алдында басымдыққа ие болуы үшін қоғам алдында да осындай тәртіп қолдануы тиіс пе, бұл құқық қағидаларына сай ма деген мәселені тудырып отыр. Қалай болғанда да, бұл заңның өмірге келуі құқықтық мәдениетімізге оң және елеулі өзгерістер әкеледі, – деді сарапшы.

Өзгелердің жаңалығы