Сарапшы Орталық Азияда су тапшылығының күшейіп бара жатқанын ескертті

Климаттың өзгеруі су тасқындарын күшейтіп, Каспий теңізінің тартылуын үдетіп, аймақ үшін тәуекелдерді арттырып отыр.

Бүгiн 2026, 09:45
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова Бүгiн 2026, 09:45
Бүгiн 2026, 09:45
211
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Астанада RES 2026 өңірлік экологиялық саммитінің кулуарында аясында Орталық Азия тап болып отырған негізгі сын-қатерлер айтылды. Бұл туралы Орталық Азия бойынша климат және «жасыл» энергетика жөніндегі жобалық кеңсенің бас директоры Ерлік Қаражан мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі таңда климат мәселелері жаһандық көзқарасты және мемлекеттердің күш біріктіруін талап етеді.

Климаттың өзгеруі мен экология мәселелері бірлескен әрекетті қажет етеді. Көшбасшыларымызға көрініп отырған көптеген бастамалар шын мәнінде жаһандық деңгейде назар аударуды талап етеді. Соның бірі - су тапшылығы мәселесі. Ірі бастамалардың бірі ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында халықаралық су ұйымын құруды атауға болады, - деді ол.

Қаражанның айтуынша, бұл жолғы саммит экологиялық күн тәртібі жекелеген деңгейде емес, жүйелі түрде - мемлекет басшылары мен ірі халықаралық институттар деңгейінде талқыланатын жаңа форматтағы алаңға айналған.

Бүгінгі саммит Біріккен Ұлттар Ұйымымен әріптестікте өтіп жатыр. Бұл - маңызды оқиға, өйткені алғаш рет экология және климаттың өзгеруі мәселелері жоғары деңгейде - мемлекет басшылары, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары басшылары деңгейінде қарастырылып отыр. Іс-шара климат, биоалуантүрлілік, шөлейттену және басқа да мәселелер бойынша тараптар конференциясы (COP) форматына жақын ұйымдастырылған, - деді ол.

Сондай-ақ ол аймақта қазірдің өзінде сезіліп отырған қауіптерге тоқталды.

Жаһандық экологиялық мәселелер - бұл климаттың өзгеруі, жылыну, температураның көтерілуі. Бұл біз үшін төтенше жағдайлардың жиілеуін білдіреді. Каспий теңізінің тартылуы мәселесін жақсы білеміз. Сонымен қатар жыл сайын қауіп төндіретін су тасқындары бар - бұл Қазақстанда да, көршілес елдерде де байқалады. Бұл мәселелер ерекше назарды қажет етеді, - деп атап өтті Қаражан.

Сонымен бірге, оның айтуынша, өңірде экожүйелерді қалпына келтіруге үміт беретін оң тәжірибелер де бар.

Арал теңізіне қатысты бастамалар бар. Тіпті табысты мысал да бар: халықаралық қаржылық қолдаумен бөгет салынды, соның нәтижесінде Арал теңізінің солтүстік бөлігі қалпына келе бастады. Бұл - жақсы белгі. Алайда жерлерді қалпына келтіру және жергілікті халықтың экономикалық жағдайын жақсарту мәселелері әлі де өзекті, - деді ол.

Саммиттің маңызына тоқталған спикер RES 2026 тек пікір алмасу алаңы емес, нақты шешімдер қабылданатын бастау нүктесі болуы тиіс екенін айтты.

Бұл саммит - дұрыс жоспарлар құрып, Орталық Азия елдерімен, ең алдымен өңірлік деңгейде, ортақ көзқарас қалыптастырып, экологиялық мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік. Қорытындысында декларациялар, жол карталары қабылданып, жаңа жобалар мен зерттеу бағыттары және бастамалар іске қосылады деп күтілуде, - деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік, бүгін Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен RES 2026 өңірлік экологиялық саммиті басталды.

Іс-шараға мемлекет басшылары, халықаралық ұйымдар өкілдері, сарапшылар мен бизнес қауымдастық қатысуда. Күн тәртібінде климаттың өзгеруі, су қауіпсіздігі, биоалуантүрлілікті сақтау және «жасыл» экономикаға көшу мәселелері бар.

Наверх