Сарапшы мектеп түлектеріне университет таңдау бойынша кеңес берді

11 Маусым 2021, 18:45
2898
Бөлісу:
Сарапшы мектеп түлектеріне университет таңдау бойынша кеңес берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырғаннан кейін әр түлек жоғары оқу орны мен болашақ мамандығын таңдайды. Қазақстандық түлектердің таңдауында 129 университет бар. Өмірлік маңызы бар шешім болғандықтан қателеспеу қажет екені белгілі. 

Академиялық адалдық Лигасы хатшылығының жетекшісі Яков Воронковтың айтуынша, университет таңдауда қателіктерге бой алдырмау керек. Бұл туралы сарапшы MEDIA CLUB QAZAQSTAN платформасында өткен тікелей эфир барысында айтып берді.

Ең бастысы – ертерек бастау керек

11-сынып оқушысы бір жылдың ішінде университет туралы қолжетімді ақпараттың барлығын білуі керек, мүмкіндік болса, оқу орындарына барып көргені жөн. Алдын ала білім алғың келетін бағыттарды анықтау қажет, ЖОО орналасқан жері мен бюджетін біліп алу керек.

Таңдаудың өзіне келер болсақ, келесідей көрсеткіштерге мән беруді ұсынамын:

Білім бағдарламалары

Білім беру бағдарламаларын зерттегенде талапкер мамандыққа қандай пәндер кіретінін білуі керек. Қызығушылықтарына байланысты бағдарламаның қай бөлігі кәсіби және зерттеу компонентінен тұратынын түсіну керек. Қос диплом бағдарламаларының болуы, жартылай шет елде оқу мүмкіндіктерінің берілуі ЖОО таңдау кезінде маңызды рөл атқарады. Профессорлық-оқытушылық құрамы және пәндерді, оқытушыларды және сабақ кестесін өз бетінше таңдау мүмкіндіктерінің болуы да маңызды.

Талапкер университетте оқығанда таңдаған білім бағдарламасы бойынша минимум және максимум қандай білім алатынын білуі керек

Университетте оқу - бұл аудиторияда оқытушымен жұмыс істеу ғана емес, сонымен қатар көптеген әртүрлі жобалармен дербес және бірлескен жұмыс істеу. Жақсы кітапхананың болуы, жылдам интернет, бірлесіп жұмыс істейтін орын, жатақхана — бұл міндетті түрде назар аудару керек дүниелер. Ресми сайтында университет туралы ақпараттың қолжетімді болуы және талапкерлерге сапалы кеңес беру университеттің студентке бейімделгенін көрсетеді.

Студенттік өмір

Әлеуметтік компоненті өте маңызды. Әсіресе егер оқу процесі жоғары деңгейде болса және оқу қиын болса. Студенттік клубтар мен ұйымдардың қызметіне белсенді атсалысу оқу процесін түрлендіруге және студенттің өмірін қызықты етуге, депрессиядан қорғауға көмектеседі. Жақсы университеттерде пікірсайыс клубтарынан бастап би үйірмелеріне дейін болады. Ол студенттік клубтар белсенді әрі тәуелсіз жұмыс істейді. Мұндай университеттерде әрбір студент өзіне қызықты саласымен айналысады.

Студенттер мен түлектердің пікірі

Студенттер мен түлектердің пікірлерін білу талапкерге ЖОО-да қалыптасқан атмосфераны жақсы түсінуге және оқыту сапасын бағалауға мүмкіндік береді. Әртүрлі ақпарат көздерін пайдалану өте маңызды. Өйткені сіз студентке немесе түлекке тікелей жазып қана қоймай, сонымен қатар студенттер отыратын парақшаларды оқып, кәсіби бағдар беретін кездесулерге қатысуыңызға болады. Ешқашан бір адамның пікіріне және он бес жыл бұрын университетті бітірген немесе мүлдем оқымаған адамдардың кеңесіне назар аудармауыңыз керек.

Жұмыс берушілердің пікірі мен жұмысқа тұру бойынша объективті деректер

«Нарыққа не керек екенін» және қандай да бір университеттің түлектері жұмысқа қаншалықты оңай орналасатынын түсіну маңызды. Мысалы, Қазақстанда «Атамекен» ҚР ҰКП рейтингі жүргізілуде ("Атамекен" ҚР ҰКП 2020 жылғы білім беру бағдарламалары рейтингісінің нәтижелері - https://atameken.kz/kk/university_ratings), оқуға түсушілер өздері түскісі келетін мамандықтар бойынша үш маңызды көрсеткішті – жұмысқа орналасу пайызын, жұмысқа орналасу жылдамдығын және бастапқы жалақысын көре алады. Аталған рейтинг түлектердің зейнетақы аударымдары бойынша есептеледі және жоғары оқу орындары оларға әсер ете алмайды. Сондықтан бұл көрсеткіштерді объективті деп санауға болады.

 


Өзгелердің жаңалығы