Сарапшы: АЭС – ХХ ғасырдың озық жетістігі

15 Қыркүйек 2022, 12:57
4598
Бөлісу:
Сарапшы: АЭС – ХХ ғасырдың озық жетістігі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында үкіметке «бір жылдың ішінде қауіпсіз атом энергетикасын дамытуды зерделеуді» тапсырған болатын. Сонымен бірге мемлекет басшысы атом энергетикасының маңызын кәсіби деңгейде түсіндіру қажеттігін тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

АЭС-ке алаңдаушылықпен қарау қалыпты

Осы орайда АЭС қарапайым халыққа, мемлекетке қандай пайда әкеледі немесе одан қандай қауіп бар, қауіпті сейілту жолдары қандай деген сұрақтар аясында халықаралық экономика PhD докторанты, зертеуші Амалбек Өміртаймен сұхбат жүргізген едік. 

Елімізде бірнеше жылдан бері АЭС салу мәселесі қаралып келеді. Қоғамның оған деген көзқарасы әртүрлі. Бірі АЭС – елдегі энергия тапшылығын жояды десе, енді бірі – ол қауіпсіздігімізге нұқсан келтіреді, бізге оны салу әлі ерте деген ойда. Сарапшы қоғамдағы АЭС құрылысына наразылық таныту немесе қолдау білдіру сияқты пікір алуандығы болуы заңдылық дейді. Мұндай көрініс тек біздің елде ғана емес, барлық қоғамда болатын жағдай.  

2011 жылы маған осы саланы зерделеуге ғылыми жетекшім э.ғ.д., профессор Раушан Елемесов бағыт-бағдар берген еді. Біршама ғылыми еңбектеріміз халықаралық, республикалық басылымдарға шықты. Магистрлік, PhD доктор диссертацияларымның зерттеу нысаны – атом энергетикасы болды. Ол кезде қоғамда бұл тақырып бүгінгідей кең талқыланбайтын. Қаншама отандық және алыс-жақын шетелдік ғалымдармен, саясаткерлермен, техникалық сала мамандарымен пікірлестім, сұхбаттастым, ой алмастық. Зерттеу нәтижелеріне халықаралық энергетикалық нарық тәжірибелеріне сүйене отырып, Қазақстанға Атом электр станциясы қажет пе деген сұраққа қысқаша жауап беретін болсам – еліміздегі энергия алу көздерін әртараптандыру үшін, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін ұзақ мерзімді қамтамасыз ету мақсатында Атом электр станциясы қажет деп есептеймін. Бұл менің ұлттық мүдде тұрғысынан осы салада ізденген азамат ретіндегі пікірім, - дейді Амалбек Дәркенұлы. 

Адамзат атом энергетикасына байланысты жалпы түрлі көзқарасқа ие екенін айтқан сарапшы, адамзаттың атомды бағындыруы, атом энергетикасын игеруі – жиырмасыншы ғасырдың озық жетістігі дейді. Оны адамзаттың пайдаланғанына да бір ғасырға жуық уақыт болған.

Мен мұнда ядролық қару, су асты сүңгуір қайықтарының ядролық отынды пайдалануы, тіпті ең бергісі, алғашқы атом электр станцияларының құрылыстары басталған мерзіммен шамалап отырмын. Ал егер ғылыми тұрғыда атом энергетикасындағы негізгі жанармай – уран отынына келетін болсақ, ең алғаш уран элементін 1789 жылы неміс ғалымы Мартин Генрих ашқан болатын. Ал енді ол туралы алғашқы деректер одан ертерек кездескен. Алғаш рет уран рудасын тәжірибелік мақсатта зерттеген Мария Кюри болды. Ол ураннан радий элементін бөліп алу үдерістерімен көптеген тәжірибелер жүргізді. АҚШ-тағы алғашқы 50 тонна уран рудасы 1871 жылы Колорада алтын кенішінен табылды. Бізге жақынырақ аймақтарды айтар болсақ, Өзбекстандағы уран кеніштері өткен ғасырдың 30-жылдары ашылған болатын. Қорыта келгенде өткен ғасырдың 40-50 жылдары атом өнеркәсібінің негізі қалыптасты - дейді зерттеуші.

Сарапшының пікірінше, атом энергетикасына үрке қарау, қарсы пікірде болуы орынды. Ядролық қару жасау бойынша сол кезеңдегі державалардың өзара бәсекелестігі салдарынан ядролық қарудың адамзатқа қатер төндіргені белгілі. Хиросима мен Нагасаки қалаларының күлге айналуы, Ядролық полигондардағы сынақтар да атом энергиясының жойқын күш екенін көрсетті. Елімізде Кеңес Одағының үлкен полигонының болуы – жалпы біздің көшпенді халықтың жойғыш дүниеге деген үрейі мен оған қарсы көзқарасын қалыптастырды. Бұл заңды нәрсе. Оның ұлттымызға келтірген залалы үлкен болды. Еліміздің керемет табиғи ланшафты – Ертістің жағасы, ар жағы Сібір, бергі жағы Сарыарқа тоғысатын аймақ полигон аймағына айналып, үлкен қасіретке душар болдық. 

АЭС тарихында алғашқы апат АҚШ-тағы Үш милдік арал АЭС-інде, одан кейін КСРО-дағы Чернобыль, кешегі Жапониядағы Фукусима апаты – техникалық қателіктер мен техногендік жағдайдан орын алған апаттар атом энергетикасының дамуына қоғам тарапынан қарсылыққа алып келді. Бірақ аталған жағдайлар адамзат болашағы үшін, ғылым үшінде маңызды сабақ болары сөзсіз.

АЭС: Қазақстанның мүмкіндігі қандай?

Атом электр энергетикасын қолдаушылардың негізгі бөлігін – өз басым ғылымның даму деңгейін нақты бағалайтын және ғылым мен технология арқылы атом энергетикасын бейбіт игілік ретінді пайдалануға болады деп сенім білдіретін топ деп ойлаймын. Қолдаушылар қатарынан саясаткерлер де, осы салада коммерциялық қызығушылығы бар физикалық, сондай-ақ алпауыт заңды тұлғалар да табылады. Жалпы, әркімнің өз пікірі бар дегенмен де, бұқаралық пікір қалыптастырушы институттар да аз емес. Негізінен шынайы, белгілі бір дүниелерге сүйене отырып, нақты аргументтерге, фактілерге, ақпарларға, тұжырымдарға сүйене отырып пікірдің қалыптасқаны дұрыс. Жалпылама біздің қоғамдық санада қалыптасып қойған ядролық қару, апаттар, апаттардан кейін болған залалдар, уран өндірісінің экологиялық зардаптары сынды дүниелерді өз басынан кешірген адамдардың санасына атом энергетикасының артықшылықтарын дәлелдеу – өте қиын шаруа. Одан кейін уран өндірісі жоқ, ғылым жоқ, маман жоқ, елінде АЭС салатындай мүмкіндік пен әлеует те жоқ елдің тұрғынына барып, қанша жерден атом энергетикасының артықшылығын түсіндірсең де ол елдің қоғамына ешқашан «өтпейін» тақырып, - дейді сарапшы. 

Оның айтуынша Кеңес Одағының алғашқы атом электр станцияларының бірі Ақтауда жұмыс істеген. Аз қуатты болса да белгілі бір кезеңге дейін жұмыс атқарды. Оның реакторлары әлі де сол жерде тұр. 

Кейін Кеңес Одағы қазақ жерінде ядролық қаруды сынады, полигон болды. Бүгінде ядролық отын қалдықтарын сақтауға болатын оқшауланған аймақ. Бастысы – Қазақстан уран кеніші бойынша әлемдегі үлкен қоры бар ел. Бізде белгілі өндіру мен өңдеуде, жеткізу мен сатуда жалпы белгілі бір деңгейде тәжірибе жинаған мамандарымыз, оқытуды ұйымдастыратын ғалымдарымыз бен ЖОО-лары бар. Ғылыми институттар бар, сондықтан Қазақстанда АЭС-тің толық циклі қалыптаспаса да, тағы да айтамын «белгілі бір деңгейде», жоқ, белгілі бір деңгейде емес, толық атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдалануға әбден қақысы бар, мүмкіндігі де бар мемлекет. Тарихы бар мемлекет және болашағы да бар, дұрыс жоспарлай білсе, ақылменен осы іске келе білсе болашағы кемел, – дейді Амалбек Өміртай. 

АЭС: Уран – Қазақстанның үлкен мүмкіндігі

Сонымен қатар ол әлемдегі болжамды уран кендері Аустралияда, Қазақстанда, Канада, Ресейде, Францияда, Нигерияда, Оңтүстік Африка Республикасында, Бразилия мен Намибия, АҚШ пен Қытайда, Өзбекстанда, Украина, Моңғолия территорияларында кезедсетінін айтты. Соның ішінде әлемдік уран кенінің жартысы Қазақстан, Австралия, Ресей, Канадаға тиесілі. Уран ресурстары орналасқан мемлекеттердің атом энергетикасы бойынша бағдарламалары әртүрлі көрінеді. 

Мәселен, ірі өндіруші, бірақ АЭС құрылысы жоқ мемлекеттер бар, соның бірі – біз. Аустралия сондай, Өзбекстанда да осы жағдай. Нигерия мен Намибия да «ресурстар қарғысына» ұшыраған елдер. Ал енді ресурстары болмаса да, шикізатты өңдеу, оны байытып отын жасау секілді Атом өнеркәсіп кешенінің толық циклін қалыптастырған санаулы ел – Батыс Еуропа, АҚШ, Жапония, Ресей, Қытай және тағы басқалары. 2021 жылдардағы ақпараттарға сәйкес жер шарындағы барланған уран қоры 5 млн тоннадан астам. Кейбір сарапшылар одан да көп деп айтады. Қазақстан барланған уран қоры бойынша әлемде Аустралиядан кейін екінші орында. Ал өндірісі, экспорты бойынша соңғы онжылдықта бірінші орында, - дейді ол.

АЭС: Ядролық отын

Отандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін атом энергетикасының толық циклына ие болу Қазақстан үшін басым бағыттың бірі болмақ. Қазақстан уран өңдеудің толық сатысына – АЭС-тің ядролық отын энергиясына әлі қол жеткізе қойған жоқ. Бұл мәселе өте маңызды дейді сарапшы.

Ядролық отынның әлемдегі 40 пайызға жуығы Ресей федерациясында өндіріледі. РосАтом әлемнің түрлі мемлекеттерінде құрылысын жүргізген АЭС-тері де ресейлік ядролық отынмен жұмыс істейді. Енді бұл жердегі әңгіме – АЭС-ті қай мемлекетке тіркелетін кәсіпорын салады, ары қарайғы оған отынды жеткізуші, атом электр станциялары үшін ядролық отынды өндеуші сол технологияға ие мемлекет болмақ. Қазақстанда өндірілген уран шикізат күйінде экспортталып жатыр. Шикізатты ядролық отынға дейін өңдеп сату үлкен өнеркәсіпті қалыптастыруға мүмкіндік берер еді. Ешкімге жалтақтамай, өзімізді де отынмен қамтамасыз ете алар едік. Ресеймен бәсекелесетін деңгейге жетер едік. Технологиядан бөлек, саяси экономикаға келіп тірелетін мәселе ғой, - дейді зерттеуші. 

АЭС: Қазақстан талпынысы

Қазақстан 30 жылдық тәуелсіздік кезеңінде бірнеше рет аталған бағытта талпыныстар жасады. 

Халықаралық деңгейде келісімдер жасалып, Ресейде өңдеп сату жолдары қаралды. Бірақ осы уақыт ішінде әліге дейін ядролық отын өндеуге дейінгі кезеңді қалыптастыра алмадық. Бірақ мүмкіндік бар еді. Оның ішінде мына Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстандағы металлургиялық зауыттар, Степнагор мен Үлбі қаласындағы зауыттардың әлі де мүмкіншіліктері, инфрақұрылымдары бар. Біз оларды дұрыс пайдалана алмадық. Сөз жүзінде талпыныстар бар. Министрлік бір жылдары жаңа АЭС-тің сметалық құжаттарын әзірлеген. Алайда, басшысы жиі ауысатын, вице-министрлері қайта-қайта істі болған министрлік бұл істі қалай пысықтайды. Меніңше Президентке тікелей бағынатын Атом энергетикасы агентігін құру өте маңызды, - дейді зерттеуші. 

АЭС: Жалпы артықшылық

Сарапшының айтуынша, АЭС қуаттылығына қарай белгілі бір мемлекеттің белгілі бір аумағындағы халықтың, өнеркәсіптердің тұрақты, ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Электр энергиясын өндіруді арттырады. Электр энергиясының импортына деген тәуелділікті азайтады. Экологиялық таза өнімді үлестіреді. Экономикалық тиімді және шығыны аз көрінеді.

Шығыны аз дегеніміз бұл эксплуатациядан кейінгі кезең. АЭС реакторларының қуаты үлкен, басқа жанармайда жұмыс істейтін реакторларға қарағанда әлдеқайда қуатты екені анық. АЭС өте үлкен, озық технологияны қажет етеді. Отын энергетикасының басқа түрлеріне үлкен сұранысты азайтады, көмір, мұнай, газ сияқты табиғаттың басқа да энергия алуға болатын көздеріне деген сұранысты төмендетеді. Ғылыми-техникалық әлеуетті артырады. Әрине мамандар керек, болашақ мамандар керек. АЭС саласындағы ғылымның дамуы басқа ғылым салаларының дамуына мультипликативті эффект береді. Одан кейін АЭС отынын тасымалдау, басқа энергетикалық отын ресурстарын тасымалдаудан арзан әрі қолайлы. Себебі оның көлемі шағын, ауқымы кішкентай. Жай ғана бір активті реактордың ішінде жанатын ядролық отынның кішкентай ғана бөлігі пәленбай вагон көмірді алмастырады. Тағы бір артықшылығы дәстүрлі және баламалы энергетикаға қарағанда әлдеқайда арзан әрі тұрақты. Баламалы энергия көздерінде болатын маусымдық тұрақсыздық атомдық энергетикада жоқ. Энергия көздерін тиімді пайдалану қалыптасады, - деп есептейді Амалбек Дәркенұлы. 

АЭС-тің артықшылықтарын түсіндіру оңай емес

Атом энергетикасының артықшылықтарымен қатар, кемшін тұстарын да жасыра алмаймыз. Қоршаған ортаға тигізер зардаптарының толық дәлелденбеуі, радиоактивтік қалдықтарды көму мәселелері, апатты жағдайдың орын алуы үлкен тәуекелдерге алып келеді деп айтамыз. Бірақ АЭС-ті адамзат пайдаланып жатқанына ғасырға жуықтады. Жалпы сарапшылар, ғалымдар АЭС-ті экологияға ешқандай зардабы жоқ, баламалы энергия көздерімен тең қарастырады. Келесі кемшілігі – ядролық державалардың атом энергетикасын игеруге ұмтылушы елдерге қысым көрсетуі, бұл енді саяси ықпал, - дейді ол. 

Сонымен қатар ол Франция жалпы тұтынатын энергиясының 80 пайызға жуығын АЭС-тен алып отырғанын жеткізді. Алпауыт АҚШ-тың энергобалансында 80-ші жылдары АЭС үлесі 20 пайыз болған, одан кейін бірде-бір АЭС, реакторлар салынбапты. Барлығы сол 80-жылдарға дейінгі салынғаны, бірақ әлі күнге дейін АЭС бөлетін энергия мемлекет балансында 20 пайыз қажеттілікті жауып отыр екен. 

АҚШ-тың 80-жылдардағы энергия тұтынуы мен қазіргі энергия тұтынуы екі есе көп. Неге? Қалай? Сонда әлі де 20 пайыз үлесті қалай ұстап отыр десек, ол 80-жылдары АҚШ-тағы АЭС өз қуаттылығының 50-55 пайызына жұмыс істейтін, ал 80-жылдардан кейін электр энергиясына деген сұраныс артқан сайын АҚШ жаңа АЭС салмаса да сол өзінде бар АЭС-тің қуатық мүмкіндігін 80-90 пайызға дейін көтерді. Германияның тәжірибесі де дәл солай, - дейді Амалбек Өмірбек.

Халықаралық зерттеуші сөз арасында АЭС энергия ғана бөліп қоймай, жылу да бөлетінін, ал оны да пайдаға асыруға болатынын айтты. 

АЭС электр энергиясын шығарумен қатар белгілі бір деңгейде ауыр су, жеңіл су түрінде жылу бөледі. Олардың қоршаған ортаға зияны немесе пайдасы толық дәлелденбей отыр. Ресейде, әсіресе Кеңес Одағы кезінде АЭС бөлген жылуды қаланы жылытуға пайдаланатын. Қыстың күнінде жылы болып тұратын платиналарда мыңдаған гектар жылыжайларды жылтуға, балық шаруашылығын дамытуға болады, – дейді ол.  

АЭС салуды мемлекет жеке дара шешпейді

АЭС – стратегиялық нысан. Қарулы қақтығыстар кезінде АЭС қауіпсіздігіне басты назар аудару керек. Бір өңірдің ғана емес, бүкіл мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуін назарда ұстаған жөн, дейді сарапшы. 

АЭС-тің өзі орналасқан нүктеге немесе сол аймаққа ғана емес, айналасында радиусы 500-1000 км аймақтағы жалпы экологиялық жағдайға үлкен бір жауапкершілікпен қарау керек деген сөз. Қазақстанда атом өнеркәсібінің толық кешенін қалыптастыруға негіз бар. Еліміздің электр энергиясын өндіру балансында көмірдің үлесі әлі де 80 пайыздан жоғары. Көмірдің экологиялық зардабы жоғары, оны өндіру керек, тасымалдау керек. Жылу электр станцияларының ең бір қиын жері ауаға бөлінетін көмірқышқыл газы. Қазақстанның  әлемдік қауымдастық алдында 2050 жылға дейін  ауаға шығаратын көмірқышқыл  газын қателеспесем 2-3 есе азайту туралы міндеттемесі бар. Бұл тұрғыдан қарағанда АЭС керек Қазақстанға. Ол қазіргі ауаға бөлінетін көмір қышқыл газын азайтпаса да, болашақта көбейетін көмір қышқыл газының ауаға таралу көлемін азайтады, - деді зерттеуші. 

АЭС құрылысын жүргізуде бір мемлекет жеке дара шешім қабылдайды деп қарау дұрыс емес. Халықаралық ұйымдар бар, оның ішінде МАГАТЭ, әлемдегі АЭС-ке қызмет көрсетуші операторлар, халықаралық деңгейде мойындалған АЭС құрылысына, жұмысына қойылатын стандарттар мен талаптар бар.

Оның барлығы сақталмай ешбір мемлекет АЭС құрылысымен өз білгенінше айналыса алмайды. Қазақстанда АЭС салу керек дегенді айтып жүрміз, бірақ белгілі бір алғышарттар бар ғой, оған қойылатын талаптар, орналасатын жері, тұтынушысы, қажетті инфрақұрылым, осылардың барлығы ескерілуі керек. Халықаралық ұйымдардың талаптары бар, ол талаптардың ескерілуі міндетті. Одан бөлек біздің атом энергетикасымен байланысты заңнамаларды күшейтуіміз керек, - дейді ол.

Маман елдегі жемқорлық, жұмысқа салғырттық сияқты кемшіліктеріміздің барлығын ескеруіміз керек дейді. Бұл жерде «Бармақ басты, көз қысты» деген нәрсе жүрмейтінін айтады. 

Бұл өте жоғарғы технологиялық дүние. Егер АЭС салсақ оның құрылысымен қандай компания айналысады, қай технологияны таңдаймыз, халқаралық байқауды қандай деңгейде өткіземіз. Саяси астары бар, қоғамдық пікір бар, қоғамдық сана бар, қоғамдық пікір әртүрлі болар берер, бірақ қоғамдық сананы дайындау керек. Бұлардың барлығы алда тұрған үлкен жұмыстар. Дәл қазір қарасаңыз көрші елдер соғысып жатыр. Ресей мен Украина, Азербайжан мен Армения. Орта Азиядағы көршілер, Каспийден төмен Таяу Шығыс тұр, Иран тұр. Кешегі Арыс, Мақтаралдағы жағдай, жыл басындағы «Қаңтар оқиғасы», ұзақ жылдар қалыптасқан билік тармақтарындағы өзгерістер т.б. Дәл қазір саяси реформаларды жолға қойып, билік пен халық арасындағы алтын көпірді жалғау өте маңызды. Бірінші ішкі саясат бір арнағы түсіп, жағдай тұрақталғаннан кейін АЭС тақырыбына деген сенімділік күшейеді деп ойлаймын, - дейді сарапшы. 

АЭС салу кешеуілдеп қалды

Зерттеушінің айтуынша, елімізге арзан әрі тұрақты энергия көзі керек. Қазақстанның оңтүстігі – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан төрт мемлекеттің түйісетін жері – үлкен экономикалық орталыққа, өндірістік, индустриялдық аймаққа, үлкен тұтынушылық орталыққа айналып келе жатыр. 

Қырғызстан мен Тәжікстан су электр станциясында отыр. Өзбекстан су электр станциясы мен газда. Олар газды отын қылып жаққаннан, экспорттағанның тиімді екенін біліп отыр. Сол үшін де АЭС салуды жоспарлауда. Олармен салыстырғанда біздің елде энергетика алудың басым бөлігі көмірде. АЭС Қазақстанға үлкен технология мен технологиялық ынтымақтастық алып келеді. Егер құрылысты қаржыландырудың онтайлы жолын тапсақ, ойлануға болатын мәселе. Ұлттық қорымыздың түсініксіз инвестициялық жобалармен азайып бара жатқанын естігенде жүрек ауырады. Сол қаржыға бір АЭС құрылысын жүргізіп алғанда арзан атом энергиясы әрбір өндірілетін тауардың құнындағы энергия мен электрдің шығынын азайтуға зор мүмкіндік берер еді, өнім өндірушілердің бәсеке қабілеттілігін артырар еді деп ойлайсың. Инвестиция тартуға, өзге де электр энергиясын көп көлемде қажет ететін өндірістерді қалыптастыруға да жағдай жасар еді, - дейді ол. 

Қазір АҚШ пен Еуропаның ірі қалаларының басым бөлігі атом энергетикасын тұтынып отырған көрінеді. АЭС өндеретін электр энергиясын тікелей тұтынушы халықтың өзі миллиардқа таяп қалған. 

Әлемнің жиырмадан астам елінде болдым, сондағы АЭС-терге кіріп көрмесем де, зерделеп жүремін.  Еліміздегі үлкен өндіріс орындарын, жылу орталықтарын араладым, мәселелерімен тыныстым, еліміздегі бірнеше уран кеніштерінде болдым.  Ғалым зерттеу нысанын анықтағаннан кейін, зерттеу нысанын өмір бойы зерделеп жүреді. Түйгенім: Біздің бүгінгі өзгермелі әлемде энергетикалық қауіпсіздіктің азық-түлік қауіпсіздігімен маңызы бірдей. Сол энергияны алу көздерін тиімді стратегиялау, комбинациялау - атомдық энергетиканы айналып өте алмайды. Біз қазір саяси тәуелсіздік пен энергетикалық тәуелсіздік бір ұғымға айналған әлемде өмір сүреміз, - дейді Амалбек Өміртай. 

Өзгелердің жаңалығы