Сара Назарбаеваның қоғамдық бастамалары талқыланды

11 Ақпан 2021, 18:32
1966
Бөлісу:
Сара Назарбаеваның қоғамдық бастамалары талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ізгілік пен гуманизмнің бастауы: адамгершілік-рухани құндылықтарды жаңғырту» С.А. Назарбаеваның қайырымдылық және педагогика саласындағы қоғамдық бастамаларының қорытындылары талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) алаңында Сара Назарбаеваның қайырымдылық және педагогика саласындағы қоғамдық бастамаларын талқылауға арналған онлайн-конференция өтті.

ӘЭСИ сарапшысы Лидия Пархомчик өзінің кіріспе сөзінде Сара Назарбаеваның педагогикалық және гуманитарлық мұрасының маңыздылығын, сондай-ақ пандемиялық шынайылық жағдайында жас ұрпақтың мүдделерін қамтамасыз ету және оның адамгершілік-рухани тәрбиесі мәселелерінің ерекше өзектілігін атап өтті.

Онлайн-конференцияны ашқан қоғам қайраткері, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл (2016-2018), Парламент Мәжілісінің IV және VI шақырылымдарының депутаты Зағипа Балиева Сара Назарбаеваның жобалары қайырымдылық пен педагогика саласында эталонға айналғанын атап өтті.

«Бөбек» қайырымдылық қорын құру, SOS балалар ауылдарын ұйымдастыру, мектеп бағдарламасына «Өзін-өзі тану» пәнін енгізу сияқты бастамалар еліміздің, балаларымыздың болашағын тәрбиелеу саласында жүзеге асырылған, жұмыс істейтін және баға жетпес пайда әкелетін жобалар, - деді спикер.

Атап айтқанда, З. Балиева конференцияға қатысушылардың назарын Қазақстан аумағындағы SOS балалар ауылдары жобасын масштабтау қажеттілігіне аударды: «Бүгінгі таңда SOS балалар ауылдары 4 өңірде жұмыс істейді. Оның үстіне, біз мекеме тәжірибесін балалар үйлерін трансформациялау үшін де пайдалануымыз керек. Әр балаға отбасы керек, ал жобада қолданылатын тәсілдер қолдау тауып, құпталуы керек».

Пікірталасты «Бөбек» ҰҒПББСО РМҚК бас директоры Елена Сакенова жалғастырды, ол Сара Назарбаеваның қайырымдылық мұрасына және оның педагогика саласына қосқан үлесін бағалады.

Бөбек» балалар қоры Президентінің әлеуметтік-педагогикалық қызметінің кең ауқымына жүріп өткен жолының шыңынан қарасақ, қоғамның саламатты жарқын күштерін жұмылдыра білген және әрқайсысы сүйіспеншіл әрі жанашыр қуат қайнарынан бастау алатын ізгілікті де жасампаз істердің үздіксіз жалғасын табуы рухымызды асқақтатады, - деп лебіз білдірді Е. Сакенова.

Сара Назарбаеваның тұлғалық феноменін сипаттай отырып, спикер оның қоғамдық бастамаларының негізгі сәттерін атап өтті. Елена Сакенованың пікірінше, «Отбасылық балалар үйлері» мен «Жасөспірімдер үйлері туралы» заңның қабылдануы Қазақстанның қоғамдық өмірінің тарихындағы және Сара Алпысқызының тағдырындағы шешуші сәт болды, ол заң арқылы балалар проблемаларын шешу және балалық шақты әлеуметтік қолдауда мемлекеттің жауапкершілігі ресми түрде бекітілді.

Ол Сара Назарбаеваның қоғамдық қызметіне баға берді.

Сара Алпысқызы қоғам қайраткері талантының арқасында Қазақстандағы балалық шақты әлеуметтік педагогикалық қолдау институтын толық әрі нақты ұйымдастырушылық рәсімдеуге қол жеткізді. Білім министрлігінің құрылымында Балалар құқықтарын қорғау комитетіні және балалар құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық департаменттер құрылды, осылайша жас қазақстандықтарға мемлекеттік қамқорлық көрсету жүйелі сипатқа ие болды, - деп атап өтті Елена Сакенова.

«SOS Қазақстанның балалар ауылы» корпоративтік қорының ұлттық директоры Гульжан Асанова балалардың, әсіресе жетім балалардың проблемаларын шешуге Сара Назарбаеваның қосқан үлесі туралы өз пікірімен бөлісті.

Сара Алпысқызы SOS балалар ауылдарын үнемі қолдап жүреді, сыйлықтар жіберіп, балалармен тілдеседі. Өткен жылы карантин кезінде Сара Алпысқызы балалардың қажеттіліктеріне бірінші болып көмек қолын созды, - деді Г.Асанова.

Спикердің айтуынша, Сара Назарбаеваның қолдауының арқасында балалар ауылдарында балалар мен қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне қамқорлық жасау үшін дәрі-дәрмектер, дезинфекция және қорғаныш құралдары жеткілікті болған. Оқушылар мен студенттер қашықтықтан оқу режиміне оңай көшті, себебі әрбір отбасылық үйде ыңғайлы оқу үшін қосымша ноутбуктер, мониторлар және басқа да жабдықтар орнатылған болатын.

«SOS Қазақстандағы балалар ауылы» қорының қызметкерлерімен өткен әрбір кездесуде Сара Алпысқызы «Баланың бөтендігі жоқ» дейді. Біздің ұйымның барлық жұмысы осы дана сөздермен ұштасқан, - деп қорытындылады Гүлжан Асанова.

Конференция барысында «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» КЕАҚ Президентінің м.а. Ирина Калачёва Сара Алпысқызы Назарбаева авторы болып табылатын, адамның үйлесімді даму бағдарламасының даму жолы туралы айтып берді. Бағдарлама ғылыми зерттеулерден, ғылыми ізденістерден, пилоттық жобаны іске асырудан «Өзін-өзі тану» пәнін еліміздің білім беру жүйесіне енгізуге және одан әрі Адамның үйлесімді дамуының ұлттық институтын ашуға дейінгі үлкен даму жолынан өтті.

Ұлттық институт қызметінің мақсаты білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде адамның үйлесімді зияткерлік және адамгершілік-рухани дамуына тәрбиелеу мен оқыту жүйесінің негізі болып табылатын «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасын іске асыру болып табылады, - деді И.Калачёва.

Дөңгелек үстел соңында ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен балалардың құқықтарын қорғау мәселелерінде республиканың елеулі ілгерілегенін атап өтті және Сара Назарбаеваның өзінің барлық қайырымдылық қызметін – әрбір баланың отбасында тұруға құқығы бар деген қағидатқа негіздеген күш-жігеріне ризашылығын білдірді. Қазақстанның Бала құқықтары туралы конвенцияны қысқа мерзімде ратификациялау фактісі елдің Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында жарияланған қағидаттарды ұстануға ұмтылатынын білдіреді.

Артур ван Дизен ЮНИСЕФ-тің ҚР-дағы жұмысының перспективалық бағыттарын қарастыра отырып, Қазақстанның мүмкіндігі шектеулі балаларға қоғамның толыққанды мүшесі болуға және өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін дамыған инклюзивті қоғамы бар елге айналуын армандайтынын айтты.

Сондай-ақ, балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін жетілдіруді жалғастыру қажеттілігіне аса назар аударды.

Онлайн-конференцияны қорытындылай келе, ӘЭСИ сарапшысы Лидия Пархомчик Сара Назарбаеваның тұлғасы мен оның мұрасының Қазақстанның гүлденуі мен әл-ауқаты үшін маңыздылығын тағы да атап өтті.

Бірінші Ханым қызметінің басты бағыты әрқашан балалық шақ мәселелерін шешу жолдарын іздеу болып қала береді. Балалар мен отбасының денсаулығы және әл-ауқатын жақсартуға байланысты проблемаларды шешу жөніндегі әрекеттердің алға басуы Қазақстанға ертеңгі күнге сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Бұл сөзсіз Сара Алпысқызы Назарбаеваның еңбегі, - Лидия Пархомчик.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) 2003 жылы құрылды. Оның қызметі әлемдік экономика, халықаралық қатынастар, геосаясат проблемалары, Қазақстандағы әлеуметтік-саяси және әлеуметтік-экономикалық процестер аясында ғылыми зерттеулер жүргізумен, сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президентінің саяси мұрасын зерделеумен байланысты.

Өзгелердің жаңалығы