Сапарбаев: Шаруалар тракторшы таппай отыр

21 Тамыз 2021, 20:27
2499
Бөлісу:
Сапарбаев: Шаруалар тракторшы таппай отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мойынқұм ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар маңызды нысандарды аралады.

Ең алдымен аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қарабөгет ауылдық округіне ат басын бұрған өңір басшысы мұндағы ауыз су құбыры желілерінің жұмысымен танысты.

Айта кету керек, Қарабөгет ауылдық округіне қарасты елді мекендер бұған дейін құдық суын пайдаланып келген. Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жақсыбек Исаковтың айтуынша, құрылыс жұмыстары қазан айында толығымен аяқталады.

Бұдан бөлек, Мойынқұм ауданында ауыз суға әлі де қол жеткізе алмай отырған төрт ауылдық округ бар. Оның ішінде ауданның өндірістік аумағында орналасқан Ақсүйек ауылдық округіне ауыз су тартудың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Су құбырларын тарту жұмыстары келесі жылы басталмақ.

Өз кезегінде облыс әкімі шалғай ауылдарда тұратын тұрғындар ауыз судан да, ағын судан да таршылық көрмеу керектігін жеткізді.

Ауыз су құбырларын орнатқанда ұңғыма орналасқан жердегі жерасты суының қоры кемінде 50 жылға жетуі керек. Сондай-ақ, ондағы судың сапасына да ерекше мән берген жөн. Жалпы ауылдықтар ауыз судан таршылық көрмеуі тиіс. Дегенмен ағын су мәселесін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Ол үшін ең алдымен Шу өзені бойындағы каналдарды қалпына келтіріп, тұрғындардың игілігіне пайдалануды қолға алу қажет. Сонда ғана ауылдағы шаруалар ағын су тапшылығын сезінбейтін болады, - деді өңір басшысы.

Өңір басшысы бұдан кейін Құмөзек ауылының маңындағы шабындық жердің жайымен танысып, қыр төсіндегі қым-қуыт тірліктің бел ортасында жүрген шаруалармен тілдесті. Жалпы аудан бойынша 744 шаруа қожалық болса, бүгінде олардың басым бөлігі мал азығын дайындаудың қамымен жүр. Дәлірек айтқанда, жоспар бойынша шаруалар 25 мың гектарға жуық шабындықты игеріп, 134 400 тонна мал азығын жинауы тиіс. Қазіргі таңда оның 19100 гектары шабылып үлгерген. «Үркер» шаруа қожалығының жетекшісі Бәкір Исабековтың сөзіне сенсек, бүгінде Шу, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Жуалы, Талас, Байзақ және Жамбыл аудандарының шаруалары шөпті дәл осы Мойынқұм ауданынан тасып жатқан көрінеді.

Биылғы жылы еліміздің бірқатар аймақтарында қуаңшылық болып жатқанын көріп отырмыз. Соның салдарынан қаншама мал шығыны орын алды. Осындай жағдайға жол бермеу мақсатында мал азығын молынан жинап қалуға күш салудамыз. Қазіргі кезде 3 мың гектар аумақта шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр. Маусым айынан бастап жұмысқа бірнеше бригада жұмылдырылды. Үстіміздегі жылы мал азығына деген сұраныс күрт көбейіп кеткендіктен жылдағы межені қазірдің өзінде 160 пайызға артық орындадық. Сонымен бірге шөп тапшылығын көріп отырған Қызылорда облысының Арал ауданына көмек ретінде бірнеше тонна шөп жөнелттік. Сұраныс болса шөп шабу науқанын қазан айына дейін жалғастырамыз, - дейді қожалық жетекшісі.

Шаруалардың жұмысын көзбен көрген өңір басшысы мал азығын молынан жинап, қыс айларына қор жасақтау қажеттігін ескертті.

Облыс әкімі аудандағы жұмыс сапары барысында пайдалануға берілгеніне жарты ғасырға жуықтап қалған №8 Мойынқұм колледжінің ғимаратына арнайы барды. Білім ошағының бірінші ғимараты 2013 жылы күрделі жөндеуден өткен болса, екінші ғимараты күрделі жөндеуді қажет етуде. Бұл нысан 2014 жылдан бері пайдаланылмай тұрғандықтан жылу, жарық, су және электр желілерінен толығымен ажыратылған. Бүгінде қараусыз қалған 1460,6 шаршы метрлік ғимараттың шатырынан су ағып, қабырғалары сөгілуге шақ қалған.

Ескі нысанды қайта қалпына келтіріп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады. Алайда, колледжге қатысты көңіл толмайтын түйткілдер бар. Мысалы колледж директоры студенттер мұнда 4 мамандық бойынша білім алатындығын айтады. Оның ішінде «Ауылшаруашылығы өндірісіндегі тракторист-машинисі» мамандығы да бар екен. Ал дәл осы ауданда айына 250 мың теңге жалақы төлеуге дайын отырған шаруа қожалық иелері үш бірдей тракторшы таппай отыр. Колледж түлектерінің 82 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты деген ақпаратқа да сену қиын. Білім ошағы ауданға қажетті мамандарды дайындауы қажет. Өкінішке орай, бұл бағыттағы жұмыстар ақсап тұр, - деді Б.Сапарбаев.

Келесі кезекте М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейінде болған аймақ басшысы мектептің жаңа оқу жылына дайындығын көзбен көрді. Білім ошағының сыйымдылығы 380 оқушыға шақталса, мұнда қазір екі ауысыммен 849 оқушы білім алуда. Ең қиыны, оқушы санының жылдан жылға артуына байланысты мектеп үш ауысымда оқуға жақын. Сондықтан мектеп маңынан қосымша 120 оқушыға арналған ғимарат соғу қажеттілігі туындап отыр. Оған қоса, мектептегі асхананың сыйымдылығы да күн тәртібіндегі мәселелердің қатарында тұр. Облыс әкімі аталған мәселелердің оңды шешімін табуына атсалысатындығын жеткізді.

Сонымен қатар аймақ басшысы Жазылбек Қуанышбаев атындағы саябақтың абаттандыру жұмыстарымен танысып, аудан қарияларымен кездесті. Басқосу барысында жергілікті тұрғындар облыс әкіміне кейінгі жылдары атқарылып жатқан қыруар жұмыстар мен ауыл халқының игілігі жолында қолға алынған бастамалары үшін ризашылықтарын білдірді. Саябақтағы Ж.Қуанышбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойған өңір басшысы данқты шопанның мерейтойы қарсаңында бірқатар іс-шаралар қолға алынып жатқанын жеткізді.

Биыл 125 жылдығы аталып өтіп жатқан Жазылбек Қуанышбаевтың есімі облыс орталығындағы бір көшеге берілді. Сондай-ақ атақты шопанның құрметіне малшылар слетін өткізуді жоспарлап отырмыз. Өткен жылы Мойынқұм ауданының орталығына Жазылбек Қуанышбаевтың есімін беру туралы ұсыныс айтылды. Егер аудан халқы бұл ұсынысты қолдайтын болса, біздің тарапымыздан тиісті жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, Мойынқұм ауданында табиғи газдың мәселесі күрделі күйінде қалып отырғанын жақсы білемін. Бірақ бұл мәселе алдағы 3-4 жылда толығымен шешімін табады, - деді облыс әкімі.

Өңір басшы аудандағы жұмыс сапарының соңында екі пәтерлік төрт тұрғын үйдің және Б.Момышұлы атындағы орталық стадионның құрылыс жұмыстарымен танысты. Жобалық құны 118 миллион теңгені құрайтын тұрғын үйлердің жалпы алаңы - 553,6 шаршы метр. Аудандағы аз қамтылған бірқатар отбасылар қыркүйек айында қоныс тойын тойламақ. Мойынқұм ауданында соңғы 13 жылда арнайы қаржы көздерінен бірде-бір тұрғын үй бой көтермегенін ескерсек, бұл бастама ауылдықтар үшін тамаша тарту болуда.

Өзгелердің жаңалығы