Астана, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде өндірілмейтін тауарларды шығарғысы келетін кәсіпкерлерге ұзақмерзімді келісім шарт ұсынамыз. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ операциялық қызмет жөніндегі басқарушы директоры Әлішер Пірметов мәлімдеді.
Алдымен ол өткен жылдан бастап, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының тауарларды сатып алу жүйесіне шағын және орта бизнес өкілдері де қатыса алатынын атап өтті.«Біздің компаниядардың сатып алу жүйесіне орта және шағын бизнес өкілдері қатысуға мүмкіндік берілді. Бұл қандай мүмкіндік берді? Біріншіден, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, бұл Қазақстандағы шағын және орта бизнестің дамуына оң әсер береді. Аталған сатып алулардың қорытындысы бойынша тек қана бір жылдың ішінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 22 млрд теңгені үнемдеді. Ал барлық сатып алудың қорытындысы бойынша 121 млрд теңге үнемделді», - деді Әлішер Пірметов өткен жылдың қорытындысына арналған брифингте.
Осы орайда ол offtake келісім шарттарының маңызына тоқталды. Оның айтуынша, аталған келісім шарт елімізде бұрын болмаған жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкін береді.
«Өткен жылы алғаш рет offtake келісім шарттарын енгіздік. Келісім шарт негізінде Қазақстанда шығарылмайтын тауарларды «отандық тауар өндірушілер шығарамыз, сол өндірісті елімізде орналастырамыз» десе, біз олармен ұзақмерзімді келісімшартқа отырамыз», - деді директор.
Сонымен қатар Әлішер Пірметов өткен жылы аталған келісім шарт негізінде екі жоба жүзеге асқанын хабарлады.
«Азия трафа» компаниясымен бірге Қазақстанда тұңғыш рет жоғары қуатты трансформаторлардың өндіру жобасын қолға алдық. Өткен жылдың желтоқсан айында жоба іске қосылды. Компания бізбен 4 млрд теңгеге келісім шартқа отырды. Екінші жоба «Қазмұнайгаз» компаниясына тиесілі. Ол қысымды өлшейтін құралдарды шығаруға байланысты. Осы екі жобаны біз өткен жылы іске қостық», - деді ол.
Оның пікірінше, аталған жобалар жүзеге асыруды жалғастыру маңызды.
«Біріншіден, аталған тауарлар Қазақстанда шығарылмағандықтан отандық компаниялардың қаржысы негізінен Ресей және Қытайға кетіп жатты. Енді аталған қаржы елімізде қалатын болды. Екіншіден, Қазақстанда бұрын болмаған өндіріс орындары ашылды. Үшіншіден, жаңадан ашылған өндірістер орындарының есебінен мемлекеттік бюджетке төлейтін салық мөлшері ұлғайды. Бұл жұмыстар 2019 жылы да жалғасады», деп түйіндеді сөзін Әлішер Пірметов.
Айта кетейік, осыған дейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры өткен жылы қанша таза пайда тапқанын, жекешелендіруден де қомақты қаражат табыс түскенін хабарлағанбыз.
Дәурен ЕРБОЛАТ
Фото: Нұржас Жақсыбай
Оқи отырыңыз: