Саммит алдындағы қарбалас: Астана ЖЕЭК отырысына қалай дайындалып жатыр

BAQ.KZ-тің Тәуелсіздік сарайынан фоторепортажы.

 ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов Бүгiн 2026, 11:12
Бүгiн 2026, 11:12
502
Фото: ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Астанада санаулы сағаттан соң Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталады. Ауқымды жиын басталар алдында әдеттегідей бас қаладағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Төрт елдің президенті қатысатын маңызды жиынға дайындық ертемен қыза түсті.

BAQ.KZ тілшісі іс-шара басталардан бірнеше сағат бұрын алаңға барып, мемлекет басшыларын қарсы алуға дайындықтың қалай жүріп жатқанын көрді.

Күшейтілген қауіпсіздік шаралары

Форум өтетін алаң маңында құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет өкілдері кезекшілікке қойылды.

Қала көшелеріне қосымша патрульдер шығарылды.

Күштік құрылымдардың алдына қоғамдық тәртіпті сақтау және негізгі нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті қойылған.

Кей аумақтарға жылжымалы қоршаулар қойылып, периметр бойында арнайы техника кезекшілікке орналастырылған. Іс-шара басталар алдында аумақты қызметтік иттер тексеріп шығады.

Ғимараттың ішіне кіру де әдеттегідей қатаң тәртіппен жүргізілуде. Мұнда арнайы тізіммен, алдын ала аккредиттелген қызметкерлер мен БАҚ өкілдері ғана кіруге рұқсат бар. 

Туларға оранған қала

Саммиттің жақындағанын қатысушы және бақылаушы елдердің ондаған мемлекеттік туы аңғартып тұр.

Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения, Куба, Өзбекстан және өзге де мемлекеттердің тулары Тәуелсіздік сарайының алдындағы алаң бойына тізіліп қойылған.

Заманауи кешен ғимаратының аясында бұл тулар ортақ нарық, сауда және көлік байланысын дамыту мәселелері талқыланатын халықаралық кездесудің ерекше атмосферасын қалыптастырып тұр.

Құрмет қарауылы және соңғы дайындық сәттері

Сарай алдындағы алаңда құрмет қарауылының соңғы жаттығулары өтіп жатыр. Әскери қызметкерлер мәртебелі меймандарды қарсы алу рәсімінің элементтерін пысықтауда.

Әр қимыл ұсақ-түйегіне дейін нақтыланған. Бірнеше сағаттан кейін осы алаңмен мемлекет басшыларының кортеждері өтеді.

БАҚ өкілдерінің жұмысы қыза түсті

Кулуар аймағында БАҚ өкілдері әдеттегідей ерте жиналды.

Тілшілер мен операторлар тікелей эфирге дайындалып, техникалық қызметкерлер соңғы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Форум өтетін ғимарат ішінде де қауіпсіздік бақылауы бірнеше деңгейде ұйымдастырылған.

Басты назарда – Одақ экономикасына қатысты маңызды шешімдер

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы Астанадағы еуразиялық аптаның қорытынды әрі басты іс-шарасына айналмақ.

Мемлекет басшылары өзара сауданы дамыту, өнеркәсіптік кооперация, көлік-логистика бағыттары, цифрландыру және Одақ елдерінің экономикасына жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелерін талқылайды деп күтіліп отыр.

Ортақ нарықтағы кедергілерді жоюға, көлік дәліздерін дамытуға және экономикалық интеграцияны одан әрі нығайтуға ерекше назар аударылмақ.

Журналистер жұмыс орындарына жайғасып жатқан сәтте, протокол қызметі соңғы дайындық жұмыстарын аяқтап, қауіпсіздік қызметкерлері кезекшілікті жалғастырып жатыр. Тәуелсіздік сарайы мемлекет басшыларын қабылдауға толық дайын.

Дәл осы жерде бүгін Еуразиялық кеңістіктегі экономикалық ынтымақтастықтың алдағы бағытына әсер ететін маңызды мәселелер талқыланады.

Айта кетейік, отырысқа Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қатысып жатыр. Армения делегациясын вице-премьер Мгер Григорян бастап келді.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы Қазақстанның ЕАЭО-ға төрағалығы аясындағы басты саяси-экономикалық іс-шаралардың бірі саналады.

Наверх