Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев көпшіліктің көкейінде жүрген отандық әуе компаниялардың сағаттап кешігу мәселесін жүйелі түрде көтеріп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Былтыр Мәжілісте "Көлік туралы" заң талқыланғанда, оған "Тасымалдаушы тарап ұшақ, пойыз, автобус құралдарын кешіктірген әр сағатқа билет құнының 3% өтемақы ретінде қайтаруы тиіс" деген түзетуді Самат Мұсабаев пен Еділ Жаңбыршин ұсынған болатын.
Депутаттың айтуынша, ұшақ, пойыз немесе автобус бір сағат кешіксе 3%, екі сағатқа 6%, осылайша қосыла береді. Тіпті, бұлай жалғаса берсе жолаушы билет құнын толық қайтарып алуына да мүмкіндік бар.
Бұл, әрине, тасымалдаушыларға ұнаған жоқ. Алайда, халыққа керек түзету, ел үнемі шағымданатын нәрсе болған соң сөзімізден танбай, айтқаннан қайтпадық. Ақыры, Мәжіліс заңға толықтыру енгізді, Сенат мақұлдады, қаңтар айында Президент қол қойды. Сүйтіп, осы жылдың басынан бері бұл заң күшінде!,– деді Мұсабаев.
Заңға тиісті түзетуді енгізіп, ұшақпен кешігіп ұшып, өзі тәжірибеден өткен депутат Самат Мұсабаев компанияның ресми сайтына кіріп, шағым қалдыру үш қадамдық жұмыс екенін айтады. Үш сағаттан астам уақыт үшін билет құнының 10% сомасын қайтарып алған депутат бәрін ретімен түсіндірген.
1) Компанияның ресми сайтына кіресіз. Тікелей сілтеме: help.airastana.com. Осы жерге толық аты-жөніңізді, билет нөмірін, рейс нөмірі, ұшу уақыты қаншаға кешіккені және электрон поштаңызды жазасыз. Яғни, шағым қалдырасыз.
2) support@help.airastana.com - тұтынушылардың қолдау бөлімінен жауап келеді, "Сіздің шағымыңыз тіркелді" деген жауап болады және қосымша анкета жолданады. Осы анкетадағы сұрақтарға жауап бересіз. Аты-жөніңіз бен ақшаны қайтару үшін есепшот нөміріңізді жазасыз.
3) "Өтінішіңіз бойынша талап еткен өтемақы сомасы сіздің шотыңызға жіберілді" деген хабарлама келеді.
Дегенмен, Самат Мұсабаевтың пікірінше, бір рейспен 180 жолаушы келетін болса, солардың арасынан компанияға шағым түсіріп, өтемақы талап ететіндер аз.
Егер, сол 180 адамның әрқайсысы шағым жасап, кем дегенде 8 - 9 мың теңгеден өтемақы алатын болса, сол күні кешіккен бір рейс үшін шамамен 1 440 000 теңгедей өтемақы төлеген болар еді... Әр рейс үшін бір жарым миллион төлеп отыру кімге ұнайды? Келесіде кешікпеуді үйренер еді!, – дейді депутат.