Салық мәселесі: Халық пен мемлекет бір-бірін неге түсінбейді?

Бөлісу:
Салық мәселесі: Халық пен мемлекет бір-бірін неге түсінбейді?

Экономист, журналист Айбар Олжаев Қазақстандағы салық жүйесінің алдағы өзгерістері туралы өз ойын бөлісті. Ол жаңа Салық кодексінің қабылдануы мен қосымша құн салығының (ҚҚС) өсуіне қатысты қоғамда туындаған пікірталастарға тоқталып, мемлекет пен халық арасындағы негізгі экономикалық келісімді түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет не үшін салық жүйесін өзгертеді?

Қазақстанда 2026 жылы жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Қазір қоғамда ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі мен оның бизнеске және қарапайым азаматтарға әсері туралы қызу талқылау жүріп жатыр. Алайда көпшілік бұл өзгерістердің ауқымды экономикалық стратегияның бір бөлігі екенін біле бермейді, - дейді сарапшы.

Айбар Олжаевтың сөзінше, негізгі мәселе – Қазақстанда ішкі өндірістің әлсіздігі. Көптеген азаматтар “бізде өндіріс жоқ, барлығын шетелден импорттаймыз” деген пікірде, ал мемлекет те бұл мәселемен келіседі. Бірақ жай ғана келісу жеткіліксіз, мемлекеттің міндеті – ішкі өндірістің дамуын қамтамасыз ету. 

Өйткені қуатты өндіріс:
• тұрақты және сапалы жұмыс орындарын ашады,
• импортқа тәуелділікті азайтып, теңгенің тұрақтылығына ықпал етеді,
• дайын өнім экспортын арттырып, шикізатқа тәуелділікті төмендетеді.

Яғни, ел экономикасын нығайтудың жалғыз жолы – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Бұл пікірмен отандық және шетелдік сарапшылар да келіседі.

Жаңа салық жүйесі қалай жұмыс істейді?

Мемлекет кәсіпкерлер үшін Қазақстанда өңдеу өнеркәсібімен айналысуды барынша тиімді етуді көздейді. Яғни:

Өндіріс ашып, отандық шикізаттан дайын тауар жасап, оны экспорттайтын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беріледі.
• Олар қосымша құн салығынан (ҚҚС) толық босатылады.
• 2026 жылдан бастап корпоративтік табыс салығы (КТС, КПН) 20%-дан 10%-ға дейін төмендейді.
• Өндіріс иелері үшін Қазақстанда жұмыс істеу тиімді болмақ.

Импортқа тәуелді кәсіпкерлер үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылмаған.
• ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі негізінен импорттаушыларға әсер етеді.
• Мемлекет импортты бизнес үшін тиімсіз ету арқылы отандық өндірісті ынталандырмақ.

ҚҚС өсуі экономикаға қалай әсер етеді?

Қаржы сарапшысы атағандай, ҚҚС мөлшерлемесінің артуы негізінен импорттық тауарларға әсер етеді. Қазақстан экономикасы үшін ең үлкен проблема – сырттан келетін дайын тауарларға кететін қаржы. Мысалы, азаматтар мұнай мен салықтан түскен қаражат есебінен айлық алады, бірақ сол ақшаны AliExpress немесе Ozon сияқты платформаларда жұмсайды. Бұл арқылы олар Қытай мен Ресей экономикасына ақша құйып, сол елдердің өндірісін қолдайды.

Әрбір шетелден әкелінген iPhone немесе қымбат импорттық тауар – Қазақстанның төлем балансына ауыр соққы. Сондықтан импорттық тауарларға ҚҚС өсімі заңды әрі компенсациялық механизм болып табылады. АҚШ-тың өзі Мексика, Канада және Қытайдан келетін тауарларға баж салығын көтеріп жатқанын ескерсек, бұл – жаһандық тәжірибе, - деп түсіндірді сарапшы.

Кәсіпкер үшін қандай мүмкіндік бар?

- Егер сіз Қазақстанда өндіріс ашып, тауар өндіріп, экспорт жасасаңыз, мемлекет сізге барынша қолдау көрсетеді.
- Егер сіз дайын импорттық тауар әкеліп, оны тек сатумен айналыссаңыз, сізге ешқандай жеңілдік қарастырылмайды, барлық салықтарды толық төлейсіз.

Өйткені мемлекеттің көзқарасы бойынша, сіз тек делдал қызметін атқарып, ішкі өндірісті дамытпайсыз. Ал сіз төлеген салықтар есебінен мұғалімдер мен зейнеткерлерге жалақы төленеді.

Өзгелердің жаңалығы