Сақтандырылған алматылықтарға 42 млрд теңгенің медициналық көмегі көрсетілді

3 Маусым 2021, 21:20
1158
Бөлісу:
Сақтандырылған алматылықтарға 42 млрд теңгенің медициналық көмегі көрсетілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Медициналық сақтандыру қоры 2021 жылдың 4 айында МӘМС пакетінде алматылықтарға көрсетілген қызметтер үшін 42,6 млрд теңгеге жуық қаржы төледі. 

Бұл туралы бүгінгі брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

Айтуынша, қаңтар-сәуір аралығында төленген қаржының басым бөлігі – 22,9 млрд теңгесі стационарлық деңгейдегі медициналық көмекке жұмсалған.

Жылдың бастапқы 4 айының нәтижесінен көрсетіліп жатқан медициналық көмек көлемінің едәуір артқанын байқауға болады. Мәселен, бұған дейін көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін қымбат анализдер, диагностика мен операция түрлері қазір медициналық сақтандыру есебінен көрсетіліп жатыр, – деді Тілеухан Әбілдаев.

Тағы 7 млрд теңге консультативтік-диагностикалық қызметтерге төленген. Консультативтік-диагностикалық қызметтер ішінде әсіресе, КТ/МРТ-ға деген сұраныс жоғары. 4 айда Алматы қаласында 29 863 КТ/МРТ жасалған, оған 388,9 млн теңге бөлінді.

Сондай-ақ МСҚ жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын қызмет түрлеріне 6,3 млрд теңге, күндізгі стационар қызметіне – 2 млрд теңге бөлді.

МӘМС шеңберінде жүргізілетін жоспарлы скринингтерге қаңтар-сәуір аралығында 400 млн теңге, оңалту немесе реабилитация қызметіне 3 млрд теңге жұмсалды.

Қазіргі таңда сақтандырылған азаматтар бағасы қымбат қызмет түрлерін қарқынды пайдаланып жүр. Соның бірі – медициналық реабилитация. 2020 жылы реабилитация қызметіне 4,2 млрд теңге бөлінсе, 2021 жылы – 7,7 млрд теңге қарастырылып отыр. Өсім – 2 есе. Ал, 2019 жылмен салыстырғанда, қаржыландыру көлемі 13 есе артқан. Алдыңғы жылы реабилитацияға небәрі 0,6 млрд теңге жұмсалыпты, - деді филиал басшысы.

Жалпы жыл өткен сайын халыққа реабилитациялық көмек көрсетуге құлшыныс білдіріп отырған клиникалар саны артып келеді. Мәселен, 2019 жылы Алматы қаласында Қормен 4 қана реабилитация орталығы жұмыс істеген болса, бүгінде олардың саны 73-ке жетті. Биыл олардың қатарына заманауи қондырғылармен жабдықталған 5 жаңа орталық қосылыпты.

Өзгелердің жаңалығы